Нан өнімдері шыбын-шіркейдің ортасында дайындалып жатыр
Ас атасы — нан өнімдері шыбын-шіркейдің ортасында дайындалып жатыр. Ватсап желісі арқылы санитарлық жағдайы сын көтермейтін осындай наубайханалардың бірі туралы видео тарап, көрген жанның жағасын ұстатты.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Мемлекет тарапынан тексеріс шектелгеннен кейін, кәсіпкерлер шектен шыққан сыңайлы. Жаға ұстатарлық мына видеоны түсірген азамат, «наубайхана Силикатный ауданында орналасқан»,- деді. Елордада осындай атаумен тұрғын үй алабы бары рас.
Ас атасы дайындалып жатқан жердің сиқы осы. Мына май шыбын-шіркейдің ұясына айналған. Ыдыс-аяғы лас, аумақ айлап тазаланбағанға ұқсайды. Ал мұнда нан өнімдерінің түр-түрі шығарылып жатыр. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың мекемені іздеп, тауып, тексеруге құқы жоқ. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту үшін баса-көктеп тексеріс жүргізуге тыйым салынған.
Сәдуақас Байғабұлов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі:
Біз аталған нысанды барып, тексере алмаймыз. Құзырымыз жоқ. Мекеме заңсыз жұмыс істеп жатқанға ұқсайды. Құжаттары да болмауы мүмкін. Жылына бір рет қана жоспарлы тексеріс жасауға рұқсат етілген. Оның өзінде ресми рұқсат алған орындарды ғана. Ал мұндай заңсыз істеп жатқандарға біз үшін мүлдем есік жабық.
Ал осындай санитарлық жағдайы сын көтермейтін жерден тауар тұтыну аса қауіпті. «Ондай нан өнімдерінің құрамында "картоп таяқшасы" деген бактерия міндетті түрде кездеседі»,- дейді мамандар. Тиісінше денсаулыққа кері әсері көп. Дегенмен осы жерден шығып жатқан өнімдердің сіз бен біздің дастарханымызда тұрмауына кім кепіл? Өйткені олардың қайда, қалай жөнелтіліп жатқанынан ешкім бейхабар. Көп мөлшерде дайындап жатқанына қарағанда, нарыққа кетіп жатқаны анық.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Ал мекеменің елордада орналасқаны жайындағы ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін біз қалалық прокуратураға хат жолдадық. Ресми орган қазір аталған дерек бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Атышулы видеоға қатысты ақпаратты назарда ұстап, алдағы күндері нақты мәлімет тарататын боламыз. 
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы