Арыстағы жарылыстан 113 баланы аман алып шыққан балабақша қызметкерлері
Арыс қаласында 13 мектеп бар. Апат болған күні оларда бірде-бір бала болмаған. Ұлттық бірыңғай тестілеу бір күн бұрын ғана аяқталған еді. Есесіне балабақшадағы бүлдіршіндерге қиын болды. Жалпы қалада және оның айналасындағы ауылдарды қоса есептегенде 31 балабақша бар. Онда 5 мыңдай бала тәрбиеленеді. Эвакуация кезінде олардың қаншасы от пен оқтың ортасында жазым бола жаздады. Алайда азаматтардың қайырымдылығының, үлкендердің ұйымшылдығының арқасында кішкентайлар аман қалды. Гүлжазира Ғалиқызының бүгінгі репортажы 113 баланы апат аймағынан аман алып шыққан «Алтын Тұмар» балабақшасының қызметкерлері туралы.
Бүгінде бастан аяқ жөнделіп жатқан мына балабақша жарылыс ошағынан 100 адым жерде орналасқан. Дүмпудің дүлей шатыры ұшып, есіктері жұлынып, жиһаздары қирап, терезелері шағылған.
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Ал мына жерге снаряд құлаған. Мінекей, ойылып қалған. Дәл сол күні бұл балабақшада 113 бүлдіршін болған. Оларды дер кезінде алып шықпағанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Қадиша апа сол күні әдеттегідей екі немересін жетектеп, осы балабақшаға әкеп тастаған. Жайбарақат үйіне жетіп, күнделікті шаруасының шетін ұстай бергенде, жарылыс дүңк ете қалды. Жер қозғалып, үйі теңселді. Бірден балабақшадағы Бексұлтаны мен Ерасылы ойына сап ете қалады.
Қадиша Сайдалиева, Арыс тұрғыны:
«Екі бала...» деді де әкесі осылай қарай жүгіріп кетті. Келсе, меңгеруші, «балалар аман, түгел шығардық» депті. Содан балам үйге келді. Жан тәтті екен көлікке мініп қаштық солай.
Ал балабақша қызметкерлерінің сол күні өз отбасын, бала-шағасын ойлауға мұршасы болған жоқ. Гүлзипа аспаз сол күні балаларға таңғы ас беріп жатқан. Аяқ-асты алай-дүлей басталып кетті. Қазан- ошағын тастай салып, 5-6 баладан көтеріп, көшеге қаша жөнеледі.
Гүлзипа Айымова, «Алтын Тұмар» балабақшасының аспазы:
Қандай ой болады. Өлген жерім осы дейсің де. 41 жылғы соғыс, снарядтар мына жерге кеп құлайды... Қолымызда бала әрқайсымызда бес-алтаудан. Шұңқырға жатып қаламыз. Сөйтіп Ақпанға шейін бардық.
Айгүл Дүкенбаева, «Алтын Тұмар» балабақшасының медбикесі:
Көліктерге отырғыздық. Осында қарауылымыздың машинасы бар еді. 16-17 баланы соған отырғыздық. Машина келмей қалғанда, қолымзда екі бала, 5-6 баланы етегімізге жабыстырып, жолға қарай шықтық.
Қызметкерлерінен осындай өлермендікті талап еткен Гауһар Шыңалбайқызы болатын. Балалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін деп, қайта -қайта тапсырды. Қан қысымы 200- ден түспей, жаны қатты қысылды. Сонда да жан-жаққа бытырап кеткен қызметкерлері мен балғындарды бір жерге жинамай, тыншымады. Балалардың ата-аналары табылып, табыстағанша бір орыннан тапжылмады.
Гауһар Уалиханова, «Алтын Тұмар» балабақшасының меңгерушісі:
Ұжымның ынтымағы, ауызбіршілігінің арқасында аман қалдық. Бастысы жауапкершілік — балалардың қауіпсіздігі, амандығы.
Кісінің өз ісіне адалдығы, адамдығы – осындай қиын-қыстау, сын- сағатта сыналады. Ендеше 113 баланы апат аймағынан аман алып шыққан балабақшаның 27 қызметкерінің әрекеті ерлікке парапар.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы