Алғашқы жарты жылдықта елімізде 186 мың жұмыс орны ашылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғашқы жарты жылдықта елімізде 186 мың жұмыс орны ашылған

29.07.2019

186 мың. Биыл жарты жылда еліміз бойынша осынша жұмыс орны ашылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл былтырғымен салыстырғанда 42 пайызға көп дейді. Бүгін министрдің орынбасарлары Үкімет үйінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының нәтижелерімен бөлісті. Ең көп орындар сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында ашылған. Ал өңірлер арасында Алматы облысы көш бастап тұр. Ауыл-аймақтарда 77 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Ал барлық сұранысты қамтамасыз ету үшін жыл аяғына дейін 370 мың жұмыс орны құрылуы қажет. Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл басынан бері 4 мыңнан аса жеңілдетілген несие берілген. «Соңғы уақыттары жастардың өз ісін ашуға деген ынтасы жоғары»,- дейді министрліктегілер. Үстеме пайызы аз қарызды алғандардың бір мыңы 29 жасқа толмаған азаматтар. Жалпы, 2017 жылы басталған «Еңбек» бағдарламасына осы уақытқа дейін 190 млрд. теңге бөлінген. Қазірге дейін 1 млн. 200 мың адам қамтылған.

Ержан Жылқыбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:

Биыл 124 млрд. теңге қаралып отыр. Жыл соңына дейін 700 мың астам адамды қамтуға тиіс. Ол былтырғымен салыстырғанда 100 мың адамға көп. Жарты жылдықта 281 мың адам мемлекеттік бағдарлама шараларымен қамтылды. Оның 52%-ы – жұмыссыздар.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу