Ертістің суы тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертістің суы тартылып барады

26.07.2019

Ертіс өзені тартылып барады. Тіпті кейбір жерлерінің қайраны шығып, құмдауыт тартқан. Бұл кеме жүрісіне кедергі келтіреді. Өзен арнасы суалған соң диқандар да егін алқаптарына су жеткізе алмай отыр. Қарт Ертістің кейбір тұсында су деңгейі 2-3 метрге дейін төмен түсіп кеткен.

Бұрын күні бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін су сорғыларын  қазір 2-3 сағат суытып алып, қайта қосады. Себебі таяз жердің табанындағы топырақты қоса жұтатындықтан қызып кетеді.

Серік Байғабылов, Су сорғылары стансасының аға инженері:

Су сорғыштар өте жиі істен шығады. 15-20 рет ауыстырдық. Әр ауыстырған сайын ескі су сорғыштар 1 миллион теңгеге дейін барады құны. Көкөністі суару мәселесі өте қиын болып тұр.

Өзені қапталындағы суармалы егістікпен айналысатын шаруашылықтар әбігерге түскелі бір ай болды. Күн ыстық. Көктеп тұрған өнім қурап кетуі мүмкін.

Рахат Төлеуұлы, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:

20 жыл болды шаруашылығымыз жұмыс жасап жатқанына. Бірақ осындай жағдай болған жоқ еді. Сол судың азайғандығынан шығындарға батып жатырмыз. 700 гектардай суармалы жер бізде. Соған 14 шақырымнан су тартамыз. Осылай кешіге беретін болса өнім алу, алмауымыз сұрақ болып тұр.

Биылғы көктемде Ертіс жылдағысынша тасыды. Шүлбі су қоймасынан 5,9 миллиард текше метр су жіберілген.  Бұл жылдағы норма. Ал шілде айында өзен суы арнасынан күрт төмен түсті.

  Болат Аманбаев, тілші:

Ертіс өзенінің өзегі кеуіп жатқаны сырт көзге бірден байқалады. Мәселен, мына құм аралдары жуықта пайда болды. Ағынды су шаймағандықтан енді бұлар өсе беруі мүмкін. Ал бұның кеме қатынасы үшін кесірі зор. 

Павлодардың өзен порты Ресейге жүк тасымалдайды. Кеме қатынасын тоқтатпау үшін өздерінше қарекет қылып, су жолдарын тазалап жатыр.

Төлеген Күлжанов, Өзен порты басқарма төрағасының орынбасары:

Өзіміздің кемелердің жүретін жолдары тазаланып жатыр. Ал егер Ертістің ауылшаруашылығы мәселесі көтерілсе, ол енді 60-70 жылдардың басында тазаланған шығар, содан бері ешқандай үлкен тазалау жұмыстары жүргізілген жоқ. Сондықтан да бұл үлкен мәселе.

Ертіс табанын тазалау мемлекеттік деңгейдегі мәселе.  Дегенмен көп ұзамай өзен деңгейі қалпына келуі ықтимал. Себебі Семейдегі Ертіс бассейіндік бас инспекциясы  Шүлбіден қосымша су жіберілгенін хабарлады.

Қазымбек Баймағамбетов, Ертіс бассейіндік бас инспекциясының басшысы:

Ол қазір уақытша. Алдында 1 мың текше метр берілген. Павлодарға Шүлбіден жету үшін 10 тәулік өтуі керек. Он тәуліктен кейін ғана келеді. Былтыр су кішкене көбірек болды, биыл аздау.

«Көкөніс өсірушілер қоңыр күзге дейін алқаптарды суарса да Ертіс суы енді төмендемейді»,-деп сендірді инспекция басшысы.

Болат АМАНБАЕВ

 

 

Хабарламаларға жазылу