Алматыда «Nur Otan» партиясы өкілдерінің бастамасымен «Халыққа көмек» акциясы өтіп жатыр. Шараның аясында қалалық әкімдікке қарасты 15 басқарманың мамандары әр жерде тұрғындарға түрлі тақырыпта кеңес беруде.
Мамандар бұл істі алдымен шаһардағы базарлардан бастады. Себебі мұнда жұмыс істейтіндердің көбі демалысқа сирек шығады. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтауға уақыттары жоқ. «Әсіресе, сатушылар мен арба айдайтындар көп келіп жатыр», - дейді мамандар.
Олардың айтуынша, жұмысшылар көбіне пәтер және несие алудың жолдары туралы сұрайды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осындай шараларды базарлардан бөлек, теміржол вокзалдары мен қала шетіндегі ауылдарда да өткізуге ниетті. Сонымен бірге, «Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берумен қатар, мәселелердің шешілу жолдарын да қарастырамыз», - дейді олар.
Станислав Канкуров, «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы басшысының бірінші орынбасары:
Жалпы, «Nur Otan» партиясы жыл сайын 100 мыңдай өтініш қабылдайды. Тек біздің Алматы филиалына 10 мың өтініш түседі. Ол мәселелердің 70 пайызы оң шешімін табады.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ