Басты Жаңалықтар Кітап – алтын қазына

Кітап – алтын қазына

Оралда «Кітап оқитын ұлт» жобасына отбасымен қатысып, берілген әдебиетті қызыға оқуға кіріскен тұрғындар бар.

Мәселен, Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп оқушысы Қасиет Наурызбай анасы, бауырларымен бірге порталға тіркеліп, кітап қызығына түскен. Оқу озаты әуелден көркем әдебиетке құмар. Қазір жобамен қатар, Қаныш Сәтпаевтың өмірі жайлы оқырмандар байқауына қатысып жүр.

Қасиет Наурызбай, 6-сынып оқушысы:

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабын оқып жатырмын. Бұл кітапта Қожаның балалық шағы туралы айтылған. Қожа тентек болса да, жан дүниесі жылы адам. Менің сүйікті кітаптарым - Қаныш Сәтпаев туралы үш кітап. Себебі бұл кітаптар өте қызық.

Ұстаздар алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы: «Кітап оқу – үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан» деп атап өтті. Оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жобаға 1 млн 400 мыңға жуық азамат қатысып жатыр. Өңір тұрғындары да марафонға атсалысуда. Ал кітапханашылар оқырман сұраған әдебиеттерді тауып беруге көмектеседі.

Әсел Орынбаева, Орал қаласының тұрғыны:

Бұл жобаға отбасымызбен бірге қатысып жатырмыз. Үйде үлкен кісілеріміз бар. Ата-әжеміз, үлкен ұлым 9-сынып оқиды, қызым 6-сынып оқушысы. Осы жобаға ата-ана ретінде тіркеліп, бала-шағамызбен кітап оқып жатырмыз. Қанша жерден телефон, смартфон желісі дамыса да, кітап - біздің ескірмейтін алтын қазынамыз.
Бөлісу