Бурабайда кәсіпкерлер табысын жасырып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бурабайда кәсіпкерлер табысын жасырып келген

26.07.2019

Туристік нысан иелері салықтан жалтару үшін осындай қадамға барған. Тіпті олардың кейбіреуі 7 есеге дейін кірісін азайтып көрсеткен. Курортты аймақтағы кәсіпкерлік қызметті тексерген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өзге де былықтың бетін ашты. Ермек Елберген толықтырады.

Мемлекеттік кірістер департаменті 30 нысанды бақылауға алған. Солардың 20-сы кірістерін жасырып келгені анықталды. Салықтан жалтарғандардың қатарында ұсақ сауда орындарынан бастап ірі қонақүйлер де бар. Тамақтану орындары да заңды белден басқан. Көлеңкелі табысты күнгейге шығару үшін мамандар енді күні-түні тексеріп жатыр.

Шынар Мусина, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

9 күнде жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша орташа бір күндік табыс 405 мың теңгені құрады. Ал кәсіпкерлердің есебіне сәйкес маусым айындағы бұл көрсеткіш 54 мың теңге ғана болды. Бұл 7,5 есе аз. Осылайша жекеменшік иелері салықты дұрыс төлемеген.

Арнайы кассалық құрылғыларды қолданбаған кәсіпкерлер де бар. Бірақ өткен есепке мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары ешқандай өзгеріс енгізе алмайтынын айтады. Сондықтан кәсіпкерлер өз уәждерін айтып ақталуда.

Инга Абдрахова, қонақүй менеджері:

Біз табысты жасырмаймыз. Жұмыс маусымына байланысты ғой. Сондықтан табыс бірдей болмайды. Өткен айда күн салқын болып, демалушылар аз келді. Ал шілдеде ауа-райының қолайлы болуына байланысты келушілер көбейді. Айырмашылықтың орын алып отырған себебі осы.

«Маусымдық кәсіптің қыр-сырын түгел ескердік», - дейді мамандар. «Десе де 7,5 есе айырмашылық тым көп», - дейді олар. Мәселен, туристік нысандардың бірі өткен айдағы табысын 582 мың теңге деп көрсеткен. Ал бақылау барысында 4 күннің өзінде 2 миллион 800 мың теңге пайда көргені анықталды.

Ермек Елберген, тілші:

Тексеріс барысында мемлекеттік тіркеуге қойылмаған қонақүй де анықталды. 75 тұлға болса, кәсіпкерлік қызметін ешқандай тіркеусіз жүзеге асырған. Олардың барлығы есепке алынды. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдікті заңсыз сатқан кәсіпкерлер де анықталды. 7 дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді.

Олқылықтарды жою үшін мамандар кәсіпкерлерді мейлінше адал қызмет етуге шақырады. «Өз кезегінде демалушылар түбіртек талап етуі керек», - деп кеңес береді.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу