Кәсіпкерлердің жер алу мәселесі қиындап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлердің жер алу мәселесі қиындап отыр

24.07.2019

Көкшетаулық кәсіпкерлер жер алудың қиындығын айтып шағымдануда. Құзіретті мемлекеттік мекемелер сан түрлі сылтау айтып, құжат рәсімдеуді ұзаққа созып жіберетін көрінеді. Бір өтінішке әртүрлі жауап берген деректер де баршылық. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына арыз-шағымдарын айтып келетін кәсіпкерлердің де ең жиі көтеретіні - осы жер мәселесі.

Әділхан Малгелдинов кәсібін кеңейту үшін жер ала алмай жүр. Қазір жер телімін басқа тұлғадан жалға алып отыр. Мемлекеттік мекемелерге өтініш жазғанымен, әлі нақты нәтиже жоқ. Бірнеше мәрте жүгінгенімен, әр уақытта әртүрлі жауап алыпты.

Әділхан Малгелдинов, кәсіпкер:

Жер сұрап, өтініш жазғанда, маған берілмеді.

Кәсіпкерлердің көпшілігі ашықтықтың жоқтығын алға тартады. «Елді мекендердегі бос жер телімдері туралы ақпарат, ол аумақтардың бағыты жайлы мәліметтер қолжетімді болу керек», - дейді олар.

Шыңғыс Теміров, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Ақмола облысында, оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының шамамен жартысы тиісті мекемелердің сайттарында жоқ. Ал бұл - міндетті талап. Ақпарат ашық әрі сапалы болса, кез келген кәсіпкер сайтқа кіріп, белгілі бір жер телімі бойынша жан-жақты мәлімет алар еді. Сәйкесінше, соған қарап, жоспарын түзеді. Ал қазір бізде түсініспеушіліктер өте көп.

Жер телімдерін бөлудегі мәселелерді мамандар елді мекендердің бас жоспары мен тыңғылықты жоспарлау жобаларының жоқтығымен байланыстырады. Жауапты мамандар бұл бағыттағы жұмыстар атқарылып жатқанын айтады.

Гүлнәр Әубәкірова, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын сайттарға салу үшін мықты заманауи техника қажет. Қазір аудандардағы компьютерлер тозған. Қуаты жетпей жатады. Тағы бір мәселе - маман тапшылығы. Келіп түсетін өтініштер, хаттар өте көп. Үлгермей жатыр. Сондықтан мәселелер бар, бірақ олар жүйелі емес, жекелеген жайттар.

Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп шағым түсіретіндердің 30-ын жер мәселесі алаңдатады екен. «Сондықтан бизнес үшін жер беруде жаңашылдықтар, тың тәсілдер қажет», - дейді сарапшылар.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу