Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мүгедектерге арба шығаратын зауытты ашты
Мүгедектерге арналған орындық-арбалар өз елімізде шығарыла бастады. Оның алғашқы нұсқалары жұмыс сапарымен Көкшетауға барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа таныстырылды. Биыл «Тыныс» зауыты министрліктің тапсырмасымен арбаға таңылған жандарға арналған жылжымалы 2 орындық әзірлеген. Бұл — пилоттық жоба. Бүгін олар Көкшетау қаласының 2 тұрғынына табысталды. Құрастырушылар «Шетелде шығарылатын арбаларды барынша зерттедік»,- дейді. Нәтижесінде қолданушыға қолайлы болу үшін жан-жақты сараптама жасалған. Арба басқару батырмалары арқылы жүреді. Тасымалдау кезінде жинап қоюға да болады. Бердібек Сапарбаев арбалардың өзгертетін, жетілдіретін тұстары болса, ескеру қажеттігін тапсырды. Себебі министрлік келесі жылдан бастап жаппай өндіріске шығару үшін тапсырыс беруді жоспарлап отыр. 
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бізге осы жарайды, болады десе, онда бүкіл республиканың керегін сіздерге тапсырыс береміз. Бізге ең кем дегенде 14-15 мыңдай керек. Жылына орта есеппен 2 мыңдай керек. Бұл 2 мың деген сіздерге жұмыс орны, ең кем дегенде бұл 2 миллиард ақша болады. Қосымша жұмыс. Сондықтан енді қазір бір-екі ай көреміз. Сосын жылдың аяғына дейін шешім қабылдаймыз.
Динара Әлиева:
Бұрын мен жалғыз жүре алмайтын едім. Ата-аналар маған көмектесетін. Мен осындай кресло армандадым. Менің арманым орындалды. Өте ұнайды маған, ыңғайлы. 
Ермек ЕЛБЕРГЕН