Арыс қаласындағы эвакуация кезінде 3 баласын жоғалтып, зорға табысқан 6 баланың анасы туралы репортаж
Апаттан зардап шеккен арыстықтардың қазіргі жағдайы қалай? Елдің зәре-құтын қашырған әскери қоймадағы жарылыстан кейін қала халқының көңілі орнына түсті ме? Үй-жайлары жөнделіп, тұрмысы түзеліп жатса да, арыстықтар қорқыныш пен үрейден әлі арылған жоқ. Үміт пен күдік құшағында өмір сүріп жатыр. «Сол бір күнгі арпалыс, өмір үшін жанталас естен кетпейді»,-дейді Арыстағы ағайын.
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Мына менің қолымдағы нәресте кеше ғана 40-нан шықты. Ал сол бір сұрапыл жарылыс болған күні жарық дүниеге келгеніне 18-ақ күн болған. Сол аласапыранда анасы осы шақалақтан көз жазып қалады.
Сол оқиғадан кейін Айгүлдің есі –екеу, түсі- төртеу. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен сол бір қысылтаяңда ол бір емес, үш баласын таппай қалған.
Айгүл Төрегелдиева, тұрғын:
Таңғы сағат сегізде баламды балабақшаға шығарып салдым. Келіп, кішкентайымды емізіп отырғанмын. Қалған балалар осында жатқан. Күйеуім Атырауда жұмыста. Екінші балам жүгіріп келді. «Мама, жарылып жатыр» деп... Қарасам, мына жерден әскери бөлім көрінеді. Қозықұйрық секілді жарылыпты.
Жойқын жарылыстан жүрегі тас төбесіне шыққан ана 4 баласын алдына салып, кішкентайын құшағына қысып, қырға қарай қаша жөнеледі. Жалаң аяқ, жалаң бас, қанша жүргені белгісіз. Оқ борап, айнала отқа оранып жатқанда, кісі тола көлікке кезігеді. Құндақтаулы бөпесін алдында отырған қарияға ұстатып қоя береді.
Айгүл Төрегелдиева, тұрғын:
Беріп жібердім де кете бердім. Өйткені мен аман қалмасам да, балаларым аман қалсын деген ой менде. Өйткені бізді құтқаратын ешқандай не келіп жатқан жоқ. Бір қарасам, үлкен қызым да жоқ қасымда. Адам деген көп. Назерке аты... «Назерке, Назерке» деп айғайлаймын. Жоқ. Сонымен үшіншісі болды ғой. Мынау балабақшадан жоқ. Кішкентайым жоқ. Үлкен қызым жоқ. Үшеуін жоғалттым деп шошыдым.
Ботасынан айрылған бозінгендей боздап, жаяу-жалпы 7-8 шақырым жүрді. Шөл қысып, тілі таңдайына жабыса жаздады. Су сұрап шырылдаған балаларын жұбатар сөз таппады.
Снаряд ысқырып ұшқан сайын жас босанған келіншектен қан кете бастады. Балалардың да, өзінің де табаны тікенге, етегі жасқа толды. Жарылыс жан алқымнан алғанда бір газель көлігіне жармасып, таласып-тармасып, мініп алады.
Айгүл Төрегелдиева, тұрғын:
Менің ойлағаным, Құдай маған балаларды көбейтіп беріпті. Енді алып жатыр екен. Құдайға бергенім. Олар табылмаса деп, алға жылжып, қалған үшеуін алып кете бердім мен. Монтайтасқа жеткенде жанашыр әпке-жездесінің көмегімен кішкентайын табады. Көрші-қолаңның жетегінде кеткен үлкенімен де қауышады.
Ес білгелі мұндай сойқан сұрапылды көрмеген 10 жасар Назерке содан бері бала боп ойнап, күлуден қалған.
Назерке Өмірзақ, 10 жаста:
Жарылыстың бәрі түсіме кіріп жатыр. Түсімде дәу қозықұйрық сияқты жарылып шошып ояндым. Қорқамын.
-Неден қорқасың?
-Тағы да жарылып кете ма деп қорқамын.
Айгүлдің айтуынша, балалардың әбден жүрегі шайлығып қалған. Кішкене тарсыл, дүмпу естісе, естері шығып, үрейі ұшады.
Енді міне, үлкен үш баласы лагерьге аттанғалы жатыр. Назеркенің жүрегіндегі жарылыстан қалған жара жазылар деген үмітте. Ал кішкентай Айша ештеңеден бейхабар. Анасының құшағында пысылдап ұйықтап жатыр. 
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ