Өнерді өнеге еткен Ерниязовтар отбасы
Сыр өңіріндегі тағылымы мол, елге үлгілі отбасылардың бірі Ерниязоавтар әулеті. Бұл әулет әкеден балаға өнерді өнеге етіп, қазақтың күйі мен жырын үлкен сахналарда дәріптеп келеді. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде номинант атанып, Ерниязовтар шаңырағының мерейі үстем болды.
Бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагері Айжігіт Ерниязов қара шаңырақтың асыл қазынасы, мәуелі бәйтерегі. Үш ұл, үш қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Қазір немерелерін еңбекке баулып, жасыл желек егуді үйретіп жүр. «Отбасында тәлім-тәрбие маңызды», - дейді қарт.
Айжігіт Ерниязов, еңбек ардагері:
Ешкімнің алажібін аттамаңыздар, ешкімге зияндарың тимесін. Алдыңа келген немесе кездескен адамдарды ренжітпей қайтарсаң азамат дегеннің өзі сол. Мен осыны балаларыма, қыздарыма да айтып отырамын.
Үлкен әулеттің атын елге танытып жүрген Үкітай Ерниязов. Әншілік, күйшілік және сазгерлік өнерді қатар алып жүрген талантты өнерпаз.
Қоңыр үнімен көптің ықыласына бөленіп, «Найзағай көңіл», «Бозторғай ана» секілді әндері ел аузында айтылып жүр. Қазір қазақтың жыр-термелерін заман талабына сай өңдеп, тыңдарманға есті ән жеткізуді мақсат етіп келеді.
Үкітай Ерниязов, күйші, әнші-сазгер:
Біздің ұстанымымыз дәстүрлі күй өнерін, жыр өнерін насихаттау. Осы бір әнді, күйді-жырды түсінетін 10 адам немесе 100 адам еріте алсам сол менің жемісім және жеңісім.
Өнерді өмірінің өзегіне айналдырып, отбасы құндылықтарын шығармашылықпен ұштастырған Ерниязовтар әулеті осынысымен көпке үлгі.
Ұлттық өнерді ұлықтаған отбасында ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді.
Айнұр Айжігітқызы, әнші-термеші:
Бұрын сондай отбасы байқауына қатысып, марапатталып жатқан жандарды көрген кезде қызығатын едім. Енді қазір біздің Ерниязовтар отбасы да сол байқауға қатысып, номинациясын алып, жұлдызды отбасы атанып жатырмыз. Қуаныштымыз.
Өнегелі отасында ұлттық өнер кәсіп қана емес, ұрпақ тәрбиесінің құралы. Бірлігі мен берекесі жарасқан әулеттің ұстанымы қазақтың мәдениеті мен руханиятына қызмет ету.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы