Арыс қаласына Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери сарапшылары келді. Олар қоймада болған апаттың зардабын жоюға көмектеспек. Делегация құрамында инженерлік-саперлік және зымыран-артиллериялық бөлімшелерінің жоғары білікті мамандары бар. Көрші елден келген сарапшылар апат кезінде әрекет еткен отандық әскерилердің шеберлігіне тәнті болғандарын айтқан. Сонымен қатар залалсыздандыру, жарылғыш құрылғыларды іздестіру және анықтау бойынша жүргізіліп жатқан іс-қимылдарға қатысып, өзара тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.
Алексей Зотов, РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі:
Қазақстандық әскерилер апат кезінде өте жоғары кәсіби деңгейде әрекет еткен. Егер білгенінен жаңылып, дер кезінде дұрыс қимылдамаса, онда апаттың зардабы бұдан да зор болар еді. Қуаныштысы, қоймадағы оқ-дәрілердің жарылысы кезінде әскери мамандар сақ қимылдап, бәрін дұрыс істеген.
Ербол МӘНДІБЕК