Діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі ІІ министрлік конференциясына министр Дәурен Абаев қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі ІІ министрлік конференциясына министр Дәурен Абаев қатысып жатыр

19.07.2019

Америка Құрама Штаттарында діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі ІІ министрлік конференциясы өз жұмысын бастады. Оған әлемнің 115 елінің өкілдері қатысып жатыр. Қазақстандық делегацияны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бастап барды. Жиында ол арнайы баяндама жасап, бұл бағыттағы еліміздің ұстанымын жеткізді. Қазақстанның экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстары сөз болды. Оның ішінде, еліміздің азаматтарын Сириядағы әскери қақтығыстар аймағынан елге қайтарып,  қоғамда бейімдеу бағдарламасына тоқталды.  Дәурен Абаев Қазақстанның діни сенім бостандығын қамтамасыз етудің негізгі қағидаларын берік ұстанымын жеткізді.

 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев діни сенім бостандығы мен оған құрметпен қарау мәселесін қолға алған еді. Бұл өз кезегінде 18 түрлі дін және діни конфессияны ұстанатын 3 700 ұйым арасында ынтымақты орнатуға сеп болды. Түрлі діннің жолын ұстанатын көпұлтты Қазақстанның бірлігі мығым. Сондықтан ашық диалог үшін тиімді алаң құра алды.

 

Министр Қазақстанның адам құқықтарын қорғау мен діни бостандық бойынша ғаламдық ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті. Шара барысында Дәурен Абаев АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық діни еркіндік жөніндегі төтенше міндетті елшісімен және Мемлекеттік хатшының демократия, адам құқықтары және еңбек істері жөніндегі көмекшісінің орынбасарымен кездесті. Тараптар конфессияаралық келісім, экстремизммен күрес және азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін талқылады.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу