Биыл тағы бір тілсіз жау — суға кетіп, қаза болған азаматтар саны көбейген. Еліміз бойынша 60-қа жуық бала суға батып кеткен. Мұндай қайғылы оқиғалар көп жағдайларда қауіпті аймақтарда суға түскеннен болып отыр. Төтенше жағдайлар мамандары: «Қаншама шаралар өткізіп, ескерту қағаздарын таратсақ та ескертуді елемейтіндер көп»,-дейді.
Осылай құлақ аспағанның арты қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Қала маңындағы қауіпті аймақта былтыр 4 адам суға кетті. Оның ішінде мына балалармен қатарлас ағалы-інілі бауырлар да көз жұмған. Нұра-Есіл арнасы терең, түбі балдыр, айналасы тайғанақ. Сондықтан қауіп басым. Бірақ жеткіншектер түгілі ересектер де сақтық ережелерін елемейді. Салдарынан жыл басынан бері 11 жан тілсіз жаудың құрбаны болды.
Еркебұлан Оразбаев, Есіл аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:
Апаттар тиым салынған жерлерде болды. Бүкіл 11 жағдай, 11 оқиға тиым салынған жерлерде тіркелді. Суға кеткенде бірінші көмек көрсету қызметкерлері үлгермейді. Сондай жағдайдан, сондай жерлерде жиі тіркеледі.
Бұл Көктал-1 тұрғын үй массиві аумағындағы айдын. Тұрғындардың көп келетіні соншалық жағалау қоқыстан жайрап жатыр. Басқа жағында бала-шаға суға түсіп жүр. Ересектеріне ережені түсіндірсе мамандардың өздеріне қарсы сұрақ қояды.
Өзенге барар жолда ескертпелер тайға таңба басқандай тұр. Тіпті өзен бойында да болған. Бірақ оны қирататындар да табылады. Мысалы, мына Нұра-Есіл арнасындағыдай.
Ардақ Хадесов, Төтенше жағдай басқармасының азаматтық қорғаныс тобы офицері:
Нұра-Есіл арнасына біз 11 белгі орнатқан болатынбыз. Өзіңіз көріп тұрсыз сегізін сындырған. Үш белгісі бар. Оны қайта жаңартып орнатқанмен осында тұрып жатқан халық қайта сындырады. Оның бәрін өзіңіз білесіз финанс жағынан да қиындық туындайды.
Биыл шомылу маусымы басталғалы елімізде 154 адам суға кетті. Оның 58-і бала. Бұл былтырмен салыстырғанда 13 адамға көп. Қайғылы оқиғалардың дені тиым салынған орындарда болған. Өйткені бізде арнайы шомылуға рұқсат берілген жағалаулар аз. Тек елорданың өзінде үш жер ғана қарастырылған. Қалған 25-тен астам аумақ қауіпті болса да, тұрғындар бас тартар емес.
Нысаналы ЫҒЫЛ