Жаңадан құрылған Ұлттық кеңесті белгілі бір мәселе төңірегінде құрылған уақытша диалог алаңдарымен салыстыруға болмайды. Бұл кеңес қоғамдағы ең өзекті мәселелерге назар аударып, дер кезінде шеше білуімен ерекшеленуі тиіс. Сонымен Ұлттық кеңестің негізгі міндеттеріне мыналар кірмекші, ең алдымен, кеңес мүшелері түрлі тұжырымдамаларға, мемлекеттік бағдарламаларға, заң жобаларына сараптама жүргізеді. Екіншіден, маңызды стратегиялық проблемаларды шешу кезінде міндетті түрде жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескереді. Үшіншіден, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың мемлекеттік органдармен арадағы диалогын қамтамасыз етеді. Бұған қоса Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асыруға құқылы.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Қоғамда кейбір заңдар немесе кейбір шешімдер қабылданып, олар қоғамның ішінде үлкен кикілжің, шиеленіс туғызып, қайта қаралып жатқан кезеңдер болады. Менің ойымша, Ұлттық кеңестің басты міндетінің бірі — осындай шешімдерді алдын ала қарап, егжей-тегжейлі зерттеп, олардың қоғамға, экономикаға, әлеуметке қандай ықпалы болады деген мәселенің бәрін жан-жақты қарастырып барып, оған тиісті ұсыныстар беріп немесе олар туралы нақты бағыттарын айтып, содан кейін ғана қабылданып жатса, онда елдегі әлеуметтік немесе басқа да кикілжіңдердің саны азайуы ықтимал деп есептеймін.
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
Барлық мүшелер танымал және өз ісінің білікті мамандары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Аймақтардың жағдайын түгел білетін мамандар мен әлемдік саясатты терең меңгерген сарапшылар бар. Сондықтан сенім кеңесі — халықтың сенімін ақтайды деп есептеймін.
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:
Үлкен-үлкен әлеуметтік жобалар қолға алынды, дегенмен де солар қоғамның біраз бөлігінің күнделікті өмір сапасынан жақсы көрініс таба қоймады. Сондықтан да қоғамның сол бөлігі тарапынан алаңдаушылық наразылық та айтылды. Сондықтан қазір осы мемлекетіміздің шын мәнінде үлкен потенциалын осы мүмкіндіктерді әрбір азаматтың мына өзінің бүгінгі және ертеңге сеніміне қалай айналдырамыз? Осы мәселелердің төңірегінде кеңес болады деп ойлаймын.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ, Шынар АСАНҚЫЗЫ