Арыс іргесіндегі Ақдала ауылының күтіп-баптап отырған алма бағы жарылыс кезінде жанып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыс іргесіндегі Ақдала ауылының күтіп-баптап отырған алма бағы жарылыс кезінде жанып кеткен

17.07.2019

Арыс іргесінде Ақдала деген ауыл бар. Әскери қоймадағы жойқын жарылыс кезінде сол ауылдың күтіп-баптап отырған жалғыз алма бағы жанып кеткен. Жыл сайын 400 тонна жеміс беретін баудың күлі көкке ұшты. Ақдалалықтар табыс көзінен айрылдық деп отыр. Ол аздай сол бақтың жемісінен шырын, езбе дайындайтын зауыт та шикізатсыз қалды. Түркістан облысындағы тілшіміз Гүлжазира Ғалиқызының бейнематериалы.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Арыстағы әскери арсенал осы жерден 4-ақ шақырым жерде. Жарылыс кезіне бұл бауға қанша снаряд келіп түскенін кім білсін... Белгілісі, 170 гектар жерде жайқалып тұрған, міне, мынадай жеміс салып тұрған ағаштар түгел жанып кеткен.

Бұл — ақдалалықтардың саялайтын бағы ғана емес, жеп отырған наны еді. Маусым сайын 500 адам осы алқапта өз еңбегінің жемісін теретін.

Асқар Дәуренбеков — бұл бауда еңбек етіп жүргеніне 10 жылға таяды. Агроном, әрі тамшылатып суару технологиясының тілін білетін мықты инженер. Ағаштардың снаряд ұшқынанан шырпыдай тұтатып түгел жанып кетуіне осы — сол пластиктен жасалған су жүйелері де себеп. От тисе, оңайлықпен өшпейтін жанғыш материал тұтас бақтың түбіне жеткен.

Асқар Дәуренбеков, агроном, тамшылатып суару инженері:

Өздеріңіз көріп тұрғандай, мынадай әр жүйекте шлангалар бар. Осылар өртеген, үзілген, сондықтан бұл бау жарамсыз деп айтуға болады.

Сауықтыруға болмай ма?

–Жоқ, тамырларының бәріне зақым келген. Қайтып көгереді деп айта алмаймын.

Бұл алқапта тек алма емес, 30 гектар өрік, 10 гектар шабдалы, 10 гектар алмұрт жайқалып тұрған. Жыл сайын 350-400 тонна жеміс беретін. Күз сайын ауыл тұрғындары береке- бірлігі жарасып, өнім жинайтын. Енді оқ-дәрі қалдықтарын теріп жүр.

Ержан Амантаев, Ақдала ауылының тұрғыны:

Бұл снаряд, жарықшақтары ұшқан, мұндай көп әлі ішінде. Соны әлі теру керек.

Саперлар қарап шықты ма?

– Иә, саперлар қарап шықты, қанша әкеткені белгісіз.

Ал бақтан шыққан алма, өріктер мына зауытқа жеткізіліп, мұнда жеміс шырыны мен езбесі дайындалып, өндіріске жол тартатын. Енді бұл кәсіпорын да қиын жағдайға қалды.

Асқар Бәрінбеков, зауыт технологі:

Зауыттың келешегі не болады енді белгісіз. Басқа бизнеске ауысатын шығармыз. Былтырғы томат пастасы бар.

Ал облыстық ауылшаруашылығы басқармасы жанып кеткен бақтың иесінің кім екенін білмейді. Бір анығы «ҚазАгро» холдингінің қаражатына іске қосылған үлкен өндірістік жоба болған. Таяу күндері шығын көлемі есептеліп, зауыттың да, ауылдың да тағдыры шешілмек!

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу