Басты Жаңалықтар Құқық бұзушыларды қоғамға бейімдейтін қор құрылды

Құқық бұзушыларды қоғамға бейімдейтін қор құрылды

Қылмыстардың жартысы 30 жасқа толмағандардың қолымен жасалады. Жасаған заңсыз әрекеті үшін жаза арқалап, түрмеде отырып шыққан соң қайталайтындардың да көпшілігі солар. Себебі істі болғандардың ортаға, қоғамға, тіпті кей жағдайда ағайын арасына сіңісіп кетуі қиынға түсіп жатады. Күмәндана, қорқа қарап, ортадан алшақтатады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, керісінше, мұндай жағдайға тап болғандарды әлеуметке бейімдеп, жақын тартып, жан жарасын емдеуге, тура жолға түсіп, кәсіп бастауына жәрдем ету маңызды. Елордада осындай жұмыстармен айналысатын қор ашылды. Мамандар бастапқыда 200 жастың жігерін жанып, жұмыс табуына қолдау көрсетпек.      

 

Жүзін жасыруды сұраған Жанна үш жылға жауапқа тартылды. Сот оны абақтыға қамамаса да шартты түрде бас бостандығынан айырған. Ол құрбыларымен букмекерлік кеңсе тонаған. Енді 28 жастағы қыз жұмысқа да тұра алмайды, жеке өмірінде де қиналады.

 

Жанна:

 

Адамдар сенен күмәндана бастайды. Қоғамға да араласуың қиын. Сондықтан жұмыс табу мүмкін болмай тұр. Мұндай тығырықтан жалғыз шығу оңай емес. Орталыққа келгенім де сол. Ең бірінші психологтың көмегіне жүгіндім. Кейін білімімді жетілдіріп, мамандығымды ауыстырсам деймін.

 

Жанна сияқты жаңылған жандарға әлеуметтік және тұрақты даму қоры қолдау көрсетпек. Орталық әзірге тек Елордада бар. Қазір қор кем дегенде істі болған 200 жасқа жаңа өмір бастауға көмектеспек. Жоспар бойынша қызмет табуға, білігін көтеруге, тіпті бизнес ашуға қайтарымсыз грант қарастырылған.

 

Олжас Ысқақов, Әлеуметтік және тұрақты даму қорының басшысы:

 

Қылмыстардың 50 пайызын 30 жасқа дейінгілер жасайды. Ең жиі кездесетін түрлері – ұрлық және есірткімен байланысты қылмыстар. Ал өмірін жаңадан бастаған жастың қамауға алынуы – бұл үлкен сынақ. Абақтыдан босап шыққандары қоғамда өз орнын таба алмаған соң тағы шалыс басады. Қылмыстардың қайталану деңгейінің тым жоғары болуы содан. Осы ретте біз оларды оңалтуға азаматтық қоғамның атсалысқанын қалаймыз.

 

 Бұл қор БҰҰ-ғы Демократия қорымен тығыз қарым-қатынаста. Қаладағы пробациялық орталықпен байланыста. Үш тарап ағаттық жіберіп абақтыға қамалғандарды қатарға қосу үшін жұмыс істейді. Өйткені ең үлкен қателік – өз қатеңді түзетпеу. Жаннаның орталықтан түйген ойы осы. 

 

Нысаналы ЫҒЫЛ 

 

 

Бөлісу