Басты Жаңалықтар Нұр-Сұлтанда өрт сөндіруге аса қажет гидранттарға жол жоқ

Нұр-Сұлтанда өрт сөндіруге аса қажет гидранттарға жол жоқ

 Нұр-Сұлтанда өрт сөндіруге аса қажет гидранттарға жол жоқ. Ал барларының көбі істен шыққан. Салдарынан құтқарушылар дер кезінде тілсіз жаумен арпалысуға қауқарсыз болып жатады. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Мұның себебі неде?

 

Тілсіз жаудан қауіп төнгенде, іркілмей өрт сөндіру үшін су гидранты сыр бермеуі тиіс. Жалынмен жанталасқа шығатын мамандардың алғашқы уайымы сол. Бірақ кей жерде құрылғының өзі түгілі ізін де таппай қаласың.

 

Қуат Байқоңыр ауданына жауапты. Сондықтан гидранттың қайда «жасырылғанын» біледі. Бірақ амал нешік? Үстінде әткеншек тұр. Мұны аула балалары да растайды.

Енді келесідей кедергілер де кездеседі. Гидрант бар. Бірақ жақындауға мұрша жоқ.

 

Нысаналы Ығыл, тілші: 

 

Міне өрт сөндірушілер келді. Дегенмен мына көліктің астында гидрант орналасқан. Ол өзінің орнында тұр. Бірақ осындай жауапсыз тұрғындардың кесірінен өрт сөндірушілердің уақытын алады. Сол себепті оларды күтіп өздерінің жұмыстарын жалғастыруға тура келеді. Ал ол аралықта қандай жағдай болатынына кім кепіл?

 

Негізі көлік жүргізушісін бекер сөктік. Кінәсіз еді. Өйткені бұл құрылғы біраз уақыт қожайынсыз тұрған. Демек қоршау жасап немесе белгі қоюға да ешкім құлықсыз.

Жалпы қала бойынша 3658 гидрант тіркелген. Оның 342-інде ақау бар. Алтауының орны жоқ. Ал 420-сы ешкімнің балансында емес.

 

Ержан Шәріпов, «Астана су арнасы» МКК бөлім басшысы: 

 

Өрт сөндірушілер үшін гидранттағы су қысымының жоғары болуы маңызды. Бірақ көп жерде бір мәселе...

 

Қуат Бимақанов, №17 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы:

 

Бізге жақсы көмек көрсетіп тұрған осындай гидранттар. Қысымы жоғары болуы керек. Ең үлкен автокөлік өзіміздің өрт сөндіру бөліміндегі 8 тонналық. Енді бұның артындағы насосы су беретін секундына 70 литр су береді. Сонда санап көріңіз 2-3 минут жоғары қабатқа су беру көпке жетпейді.

 

«Нақ осы мәселе Британ кварталы тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіруге кесірін тигізді»,-дейді сала мамандары. Олар құрылғының қысымы қатты болғанда жоғары қабатқа су атқылап, отты жылдам ауыздықтауға болатындығын айтады.  

 

Негізі өрт сөндіру автокөлігінің кептеліссіз келіп, кедергісіз тұрып, қолайлы орнатылған гидранттан су алуға жағдай жасалуы шарт. Мысалы, міне, құрылғылар айналасы ашық мынадай қалыпта болса дейді құтқарушылар. Бірақ барлық гидранттың осы деңгейге қашан жететінін ешкім дөп басып айта алмады.   

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

 

Бөлісу