Жетісулық диқандар егін ору науқанын бастап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісулық диқандар егін ору науқанын бастап кетті

12.07.2019

Шаруалардың айтуынша биыл ылғал мол болып арпа-бидай бітік шығыпты. Алматы облысы биыл 962 мың гектардан өнім алмақ. Жылдан-жылға алқап көлемі де артып келеді. Шашау шығармай дән жинауға кіріскен шаруалар тынысынан тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тарқатады.

Алматы облысының астықты алқабы Кербұлақ ауданында. Бір ғана Қызылшоқы серіктестігі 3100 гектарға жаздық арпа септі. Тұқым таңдаудан да жаңылыспаған. Ресейдің Воронеж қаласынан алдыртыпты. Екінші жыл гектарынан 30 центнерге дейін өнім алуда.

Алдан Бекеев, серіктестік директоры:

Былтырдан бері техниканың паркін жаңалап келе жатырмыз. Былтыр екі комбайын алдық - «Вектор». Екі «Камаз» алдық. Үш трактор алдық. Сол себепті техникамыздың паркі толығымен жаңартылды.

Шаруашылық басында 50 ден астам адам еңбек етеді. Жылдың ең ыстық күндерін тиімді пайдаланып, күн ұясынан шығып батқанша алқап басында. Биыл Кербұлақ ауданының шаруалары 90 мыңға жуық гектарды игеріп, өнім алуға кірісті. Ал бұл өңірде дәнді-дақыл себумен 1500 шаруа қожалығы айналысады.

Жалғас Қатжанов, Кербұлақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Аудан бойынша 88 мың гектарға дәнді-дақыл себілетін болса, бүгінгі күнге 25 центнерден айналып жатыр. Жалпы 180 мың тонна өнім жинау мақсатымыз. Қамбаға жинау.

Диқандардан бөлек шаруалар мал азығын да жинап жатыр. Шабындықта да шөп мол. Биыл аудан 185 мың тонна әр түрлі мал азығын дайындамақ.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


 

Хабарламаларға жазылу