Ақтөбе қаласының тұрғындары үйлеріне іргелес жаңа көп қабатты үйдің салынуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласының тұрғындары үйлеріне іргелес жаңа көп қабатты үйдің салынуына қарсы

12.07.2019

Қуыста қалған баспана. Ақтөбе қаласының тұрғындары үйлеріне іргелес жаңа көп қабатты үйдің салынуына қарсы. Айтуларынша, көлік тұрағы мен балалар алаңына орын жоқ, ал мердігер компания шағымдарына құлақ асар емес. Жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс қаншалықты заңды? Тұрғындар талабы ескеріле ме? Жақсыбек Кемал анықтап көрді.

Іргетасы енді ғана қаланып жатқан бес қабатты үйдің бір қабырғасы міне, мына жерде болады. Ал, бұған дейін адамдар тұрып жатқан үйге дейінгі қашықтық, міне, көріп тұрсыздар, он метр шамасы ғана. Тұрғындар наразылығын тудырып отырған жағдай да - осы. Олар: «Бұл мәселе біздің алаңсыз өмір сүруімізге үлкен кедергі», - дейді.

Батыс-2 ауданында орналасқан бұл үйдің пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған. Қазір пәтерлердің 30 пайызына адамдар қоныстанып үлгерген. Құрылыс компаниясының өкілдері үйлеріне таяқ тастам жерден тағы бір ғимарат салынатынын тұрғындарға ескертпеген.

Мәдина Қонақбаева, қала тұрғыны:

Негізі осы үйді сатып аларда бізге үш үй болады деді. Енді мына жерден төртінші үйді салып жатыр. Сол үйге қарсымыз. Себебі, жеріміз тарылады, сосын біз үйді аларда үш үй ғана болады деп алдық қой. Неге олар 4-інші үйді кірістіріп жатыр?

Кәрім Қанатұлы, қала тұрғыны:

Дау шығып жатқаны – мына үйді салуы. Мына үй дұрыс салынып жатқан жоқ деп есептейміз. Себебі, ар жағынан біздің терезеге дейін ең кеткенде 10-ақ метр. Сосын терезе бір-біріне қарап тұрғасын бір-бірімізді көріп отырамыз. Ол ыңғайсыз. Түсінбей жатырмын, қалай біз мына жерге машиналарымызды сыйдыратынымызды.

Құрылысы бітуге жақын басқа үш үйді де осы компания салған. Баспаналардың бір бөлігіне қоныстанып үлгерген тұрғындар құрылысшылардың қауіпсіздік ережелерін де сақтамайтынын айтады. Нысандар қоршалмаған, балалар көп ойнайтын жерлерде ауыр техникалар емін-еркін жүр. Алайда, компания басшысы ережеге сай жұмыс істеп жатырмыз деп ақталды. Іргетасы енді құйылып жатқан үй құрылысы да жалғасатынын айтты.

Нұрлан Қауысов, Құрылыс компаниясының басшысы:

Заң бар, бәрі заң бойынша салынған. Салуға рұқсат алынған бұл үйге. Проект бәрі қорғалған. Экспертиза өткен. Біз де өзімізге өзіміз қастық ойламаймыз.

Облыстық Сәулет және құрылысты бақылау басқармасының басшылығы да құрылысты тоқтатуға негіз жоғын алға тартып отыр. Алайда, құрылысшылар қауіпсіздік талаптарын ескеруі тиіс.

Оксана Сопрун, облыстық Сәулет және құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

Жұмысқа енді кірісіп жатыр. Аумақты толық қоршайтын болады. Екі үйдің арасы алты метрден асады. Яғни, өрт қауіпсіздігі талабы сақталған. Бас жоспар бойынша бұл жерде тұрғын үй болу керек.

Осылайша, тұрғындар шағымы ескерусіз қалатын түрі бар. Құрылыс компаниясының басшылығы «Тұрғындарға әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», -деген уәж айтты.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу