Рақымжан Қошқарбаев ауылының маңындағы зиратты өзен суы шайып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рақымжан Қошқарбаев ауылының маңындағы зиратты өзен суы шайып жатыр

11.07.2019

Зиратты су шайып, қабірдегі сүйектер көрініп, шашылып жатыр. Елордадан 40 шақырым жерде орналасқан Рақымжан Қошқарбаев ауылының тұрғындары редакциямызға осындай шағыммен келді. Ауыл азаматтарын ата-бабалары мен жақындары жатқан қорымның жағдайы қатты алаңдатып отыр. Себебі  жыл сайын Нұра өзенінің ағысынан зираттың бір шеті суға опырылып құлап барады. Тұрғындар бұл бір жағынан, әруақтарды қорлау болса, екінші жағынан, өзен жағасындағы елді мекендерде тұратын адамдардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін дейді.

 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

 

Әр көктем сайын су ернеуі тасып, жағаны шайып жатыр. Салдарынан бұрынғы зираттар  ашылып, сүйектер шашылып жатыр. Жергілікті тұрғындар ауа мен суға қауіпті ауру шығып кете ме деп уайымдап отыр. Ал Нұра өзенінің сағасы 5 жыл бұрын ғана 20 метр жерде әрі қарай аққан. Сол кезде билік өзен арнасын кеңейтеміз деп жағасын тегістеп, тал-дарақтарын тамырымен қазып тастаған. Содан бұл жер жыл сайын опырылып жатыр.

 

Ауылдан 7 шақырым жердегі қорымда 300-ден 500-ге дейін мәйіт жатыр дейді тұрғындар. Нақты санын ешкім айта алмайды. Себебі бұл жерге адамдарды 19 ғасырдан бастап жерлей бастаған.  Үлкендердің айтуынша зобалаң жылдары бұл қабірге холера, оспа және басқа да аты жаман қауіпті аурулардан көз жұмғандарды жерлеген. Сондықтан бұл жағдайды тезірек реттемесе, өзен суынан зиян келуі мүмкін.

 

Еркін Қырғызбаев, ауыл тұрғыны:

 

Биылғы су қатты тасып, 5 метр жер құлады. Биыл ғана. Қаншама өліктің бейіті суға кетті. Ертерек шалдардың айтуынша, бұл жерде жерленгендердің ішінде оба ауруымен ауырғандар бар.  Онда ауру адамдар көп қой. Өткенде тастардың арасында 1826 жыл деген жазу тұрған.

 

Мырзагелді Бақтыбаев, ауыл тұрғыны:

 

Енді сол бұрынғы арнасымен қазып, топырағын ашып, Нұра өзені ескі арнасымен аға берсін. Ал мына жерді құммен ба жауып, жөн-жобасына келтіру керек.

 

Аудан, ауыл әкімдігі бұл жағдайды жақсы біледі. Бірнеше мәрте жиын да өткізген. Алайда біренеше жыл бұрын тұрғындар көтерген мәселе әлі күнге дейін созбақталып келеді. Жақын арада жергілікті билік ашық аспан астында шашылып жатқан сүйектерді жиып, қайта жерлемек.

 

Гүлбану Әлитанқызы, Р. Қошқарбаев ауылдық округінің әкімі:

 

Осы айдың аяғына дейін біз осы жұмысты атқарамыз деп отырмыз. Қайта көмемі.  Аудан имамы келеді. Әзіоге біз арнайы фирма іздеп жатырмыз солар қойсын деп.

 

Алайда ауылдың байырғы тұрғындарының бірі Бақыт апай оған үзілді-кесілді қарсы. Ол 35 жыл санитарлық- эпидемиалогиялық салада жұмыс істеген. Тәжірибесіне сүйенген ол бұл мәйіттердің сүйегін қимылдатуға болмайды, бетін топырақпен жабу керек деп есептейді.

 

Бақыт Сағындыққызы, ауыл тұрғыны: 

 

Холера, оспа ауруымен ауырғандар жерленген дейді үлкендер. Ол шығып кетуі мүмкін. Себебі сүйекте олар 100 жыл өтсе де сақталады. Зиянды ауру. Сол себептен оны көшіруге біз рұқсат бере алмаймыз. Осы бойында қалдырамыз. Тек арнасын бұрып берсе болды.

 

Жергілікті әкімдік пен тиісті мамандар қазір өзеннің арнасын бұру бойынша құжат дайындап жатырмыз дейді. Оған біршама уақыт қажет екен.  Ал ол уақыт ішінде өзен суына қауіпті инфекция түсіп кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу