Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира Суханбердиеваның ісі айыппұлмен аяқталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпталған Элмира Суханбердиева 5 миллион 900 мың теңге айыппұл төлейді. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттің үлесі бар ұйымдар мен компанияларда қызмет істеуге тыйым салды. Бір айдан астам уақытша қамауда болған экс-вице-министр бүгін сот залынан босап шықты.
Эльмира Суханбердиева лауазымын асыра пайдаланды және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген екі бап бойынша айыпталды. Істі болғандардың ішінде оның құрбысы, Нұр-Сұлтандағы №3 мектеп-гимназия директоры Елена Шеверняева да бар. Бірінші эпизод бойынша екеуі мемлекеттік мектептің ішінен жеке меншік оқу орталығын ашып, оны бәз біреулер арқылы басқарған. Мектеп Суханбердиеваның апасы мен Шеверняеваның шешесіне тіркелген. Екініші эпизод бойынша министрдің бұрынғы орынбасары министрлікке бағынысты компаниялар мен ұйымдарды балаларға смартфон, планшет сатып алып беруге мәжбүрлеген. Бұл фактілер бойынша ол кінәсін мойындап, тергеушілерге көмектескен.
Бақытжан Есенов, Нұр-Сұлтан қаласы, №2 Есіл аудандық сотының судьясы:
Түпкілікті жаза ретінде 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады. Бұл 5 миллион, 948 мың 900 теңге. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен мемлекеттің қатысы бар компанияларда қызмет істеуге өмір бойы тиым салынады. Бұдан бөлек ел Президенті атына Ерен еңбегі үшін мемлекеттік награда медалінан айыру туралы ұсыным жолданады.
Ал Суханбердиеваның құрбысы, мектеп директоры Елена Шеверняеваға тек қана 1 миллион 200 мың теңге айыппұл салынды. Экс-вице-министр сот отырысынан кейін үкімге қатысты ойымен бөлісті.
Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Иә, менің туыстарым жеке мектеп ашқысы келді. Алайда оның ғимараты да жоқ. Енді ғана несие рәсімделіп, алдағы қыркүйекте ашылуы керек болатын. Бұл деректердің барлығын сіздер де тексере аласыздар. Сондықтан да мен тағылған айыптарды мойындадым.
48 жастағы вице-министр өткен айдың басында ұсталған болатын. Содан бері уақытша ұстау изоляторындағы бос уақытын текке өткізбей, кітап та жазыпты.
Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
34 күннің ішінде кітап жазып шықтым. Бұл кітап "Вице-министдің көзімен қарағандағы түрме" деп аталады. Ол жуырда жарыққа шығады. Қазір тек әдеби өңдеу жұмыстары ғана қалды. Менің қорғаушыма қазірдің өзінде Ресейден тапсырыс берушелер хабарласуда. Бірақ кітап алдымен Қазақстанда шығады. Баспалар хабарласып жатыр. Алғашқы данасын сіздерге тарту етіп, арнайы баспасөз мәслихатын да өткіземін.
Осылайша жазадан жеңіл құтылса да, экс-вице-министр үкіммен келіспей, жоғарғы сотқа жүгінетінін айтты. Соттан алдымен тәркіленген телефондар мен планшеттерді аз қамтылған балаларға қайтарып беруді сұрамақ. Мемлекеттік қызмет істеуге шектеу түріндегі жазаны да қайта таразыға салмақ. Бір айдан аса қамауда болған бұрынғы вице-министр балаларын сағынғанын айтып, сот залынан шыға сала үйіне асықты.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ