Басты Жаңалықтар Биыл Нұр-Сұлтан қаласында масалар әдеттегіден көп

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында масалар әдеттегіден көп

Елордалықтар масаға таланып жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жәндіктердің көптігі соншалық, кешқұрым серуендеуден қалдық дейді. Әлеуметтік желіде жүздеген адам пікірін білдіріп, шағымданып жатыр. Ал мамандар масаның көбеюі бірнеше күн бойы жауған жаңбырдың салдары екенін айтады.

 

Елорда тұрғыны Қызжібек Жанбатырова балаларымен күндізгі уақытта ғана серуендеуге шығатын болған. Оның өзінде арнайы крем, спрейлерді міндетті түрде қолданады. Себебі ызыңдаған масадан аллергиялық бөртпелер пайда болуы мүмкін. «Ал кешкісін таза ауа жұтып, сыртта жүру арманға айналды»,- дейді.

 

Қызжібек Жанбатырова, қала тұрғыны:

 

Қол-аяғы ісіп кетіп жатыр. Былтыр ондай болған емес. Сыртқы жақтарға шыққанда сондай болатын, 40-шы аудан жақта. Қалада аса болмайты. Алдында ештеңе сеппейтінбіз, жақсы болатын. Қазір спрейлерді алып, қолданамыз.

 

Қаптаған қан сорғыштардан, әсіресе ойын балалары мен серуенге жиі шығатын үлкен кісілер мезі болған.

 

Мәселені шаһар басшылығы жақсы біледі. Әлеуметтік желідегі парақшасында Алтай Көлгінов бұл істе салғырттық танытқандар жауапкершілікке тартылатынын жазды. 

 

Твиттер: Тұрғындар тарапынан маса улауға қатысты көптеген шағымдар түсуде. Бұған қатысты аудан әкімдері мен тиісті басқармаға шұғыл түрде шара қабылдауды тапсырдым. Тиісті шараны уақытында қолға алмағандарға тәртіптік шара қолданылады.

Нұр-Сұлтан қаласының маңында жалпы 140-тан аса су айдыны бар. Сол себепті шыбын-шіркейдің көп болуы заңдылық. Биыл масамен күреске қазынадан 170 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта оның 70 пайызы жұмсалған. Дәрі-дәрмек, техника жеткілікті. «Масалардың тым көбейіп кетуіне ауа райының қолайсыздығы себеп»,- дейді жауаптылар.

 

Сәдуақас Байғабылов, Қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

Бізде маусым айының 13-ы күні жауын-шашынды болды. Соған орай ылғалдылық деңгейі артты. Ал бұл маса үшін өте қолайлы орта. Жаңбырсыз небәрі 2-3 күн ғана болды. Осы уақыттың ішінде улау жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, айта кетейін, жауынды күндері масаға қарсы улау жұмыстары жүргізілмейді. Себебі жаңбыр суы дәріні шайып кетіп, оның ешқандай әсері болмай қалады.

 

Әкімдіктің атқамінерлері апта соңына дейін жағдай тұрақталып, қансорғыш жәндіктердің саны азаяды деп сендірді. Қазіргі таңда қала бойынша 120-дан астам адам дәрілеу жұмыстарымен айналысып жатыр.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Бөлісу