Арыстағы апаттан қираған үйлер қайта жөнделіп, тұрғындарға беріліп жатыр. Алғашқылардың бірі боп Жамбыл облысы өзіне тиесілі аумақтағы 6 үйді қалпына келтіріп, қожайындарына тапсырды. Қонысына оралып, қуанышқа бөленіп жатқандардың бірі – Гүлмарал Дауылбаева. Арыста аласапыран басталған кезде ол да 4 баласымен Шымкентке бас сауғалап кеткен. Мінеки, үй-жайы жөнделген соң, бала-шағасымен қауышып, шұрқырасып жатқан жайы бар. Айтуынша, жойқын жарылыстардан қара шаңырағының қақпасы қисайып, шатыры ұшып, терезесінің әйнектері түгел шағылып қалған екен. Жамбылдықтар осының бәрін төрт күнде бүтіндеп беріпті.
Гүлмарал Дауылбаева, тұрғын:
Жамбыл облысы Аса ауылынан келген жігіттерге рақмет. Керемет етіп жасап берді. Өзім осы жөндеу жұмысына толық қанағаттанамын.
Айта кетейік, осы 3-ші сектордағы жөндеу жұмыстарына Жамбыл облысы жауапты. Нақтырақ айтсақ, 11 көшенің бойындағы 327 жер үйді қалпына келтіру жүктелген. Бұдан бөлек, 14 әлеуметтік және коммерциялық нысандар бар. Жалпы, Арыс қаласын қалпына келтіруге жамбылдық 16 құрылыс компаниясы мен 220 жұмысшы жұмылдырылған.
Біржан Сөктай, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі:
Жұмыс ретімен жүріп жатыр. Қажетті құрылыс материалдары күнделікті келіп жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, осы күнге дейін гуманитарлық көмек ретінде 500 тоннаға жуық азық түлік келді.