Елорда күні мерекесі аясында қалада он екінші «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда күні мерекесі аясында қалада он екінші «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалі өтуде

06.07.2019

Елорда күні аясында қалада он екінші «Азия жаңғырығы»  халықаралық цирк өнері фестивалі өтіп жатыр. Шет мемлекеттерден келген өнерпаздар жыл сайын үздік қойылымдарды ұсынып келеді. Кішкентай көрермендерді биылғы фестиваль несімен таңқалдыруда?!

Биылғы «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестиваліне Ұлыбритания, Вьетнам, Мысыр, Израиль сынды елдерден келген 60-қа жуық артист қатысып жатыр.  Ресейліктер «Пілдер биі» атты қойылым әкелген. Ол Гиннестің рекордтар кітабына да еніпті. 

Күрделі әрі теңдессіз трюктер, аң үйретушілердің шеберлігі, әдемі декорация мен арнайы эффектілер әрі әртістердің киім үлгісі  көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

 

Ерік Жолжақсынов, «Астаналық цирк» МКҚК бас директоры:

 

Біздің әртістеріміз егер жоғары деңгейге көтеріліп жатса, 13 елден қазылар алқасы келіп отыр. Олардың өздері шақырып алып кетеді. Сондықтан, негізгі мақсатымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастарымызды шығару. Одан кейін халықаралық деңгейдегі қарым-қатынас. Цирктің жоғары деңгейдегі мәртебесін көтеру.

 

Биылғы цирк өнері фестивалінің тағы бір ерекшелігі – оған әлемге әйгілі актер Чарли Чаплиннің баласының қатысуы. Юджин Чаплин осы шараға қонақ, әрі қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылған.

 

Юджин Чаплин, Халықаралық кинокомедия фестивалінің президенті /Швейцария/:

 

Соңғы кездері жануарлардың қатысумен өтетін цирк қойылымдарына халық оң көзбен қарамайтын болды. Дегенмен жануарлар – цирктің бір бөлшегі деп ойламын. Оларсыз шоу болмайды. Жалпы, цирктің өзі ебұрыннан келе жатқан мәдениет,  ескі дәстүрі. Оған міндетті түрде барып тұру керек. Ал бұл фестивалге келер болсақ, ол  жас өнерпаздар үшін жақсы мүмкіндік деп есептеймін.

 

4 күндік қойылым билеттерінің бір бөлігі қайырымдылық мақсатта да таратылды. Бейбіт күнде бомба астында қалып, қиындыққа тап болған Арыс қаласының бүлдіршіндері  осы фестивальге арнайы шақырту алған. Айта кетейік, қойылымдарды 4-8 шілде аралығында күн сайын сағат 16:00-де тамашалауға болады.

 

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу