Алматыда салықтан жалтарған азаматтардың шетелге шығуына тыйым салынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда салықтан жалтарған азаматтардың шетелге шығуына тыйым салынуда

05.07.2019

Алматыда салық төлемейтіндердің саны азаймай тұр. Сондықтан Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары оларға ескерту жариялады. Себебі жаз мезгілінде еңбек демалысына шығатындар көп. Табысын жасырып, салық пен басқа да әлеуметтік төлемдерден жалтарып жүрген кәсіпкерлер де аз емес. Егер олар дер кезінде міндетінен құтылмаса, алыс-жақын шетелдерге жіберілмейді және есепшоттары жабылып, өзге де тиісті шаралар қолданылады.

 

Наурызбай ауданында қазір 9 мыңнан астам тұрғын салығын төлемеген. Оның жалпы сомасы 270 миллион теңгеге жуық. Олардың қатарында үй, көлік, жер және өзге де мүлік иелері бар. Мамандардың айтуынша, уақытында салық төлемеген жеке тұлғаларға арнайы хабарлама жіберілген. Алайда, одан ешқандай нәтиже жоқ. Енді оларға заңнамаға сәйкес, салық төлемеген әр күні үшін айыппұл салынады.

 

Гүлнар Мағжанова, Наурызбай ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

 

Мысалы, 2 миллионнан астам қарызы бар адам бар. Қанша жыл болды төлемей келе жатыр. Есскерту парақшасын бәрін жіберіп жатырмыз, әлі төлеген жоқ. Олар шетелге шыға алмайды. Есепшоттары жабылады.

 

Қала тұрғыны Рабиға Шалқарова жеке кәсіппен айналысады. Сондықтан жылына екі рет осы жерге келіп, салық төлейді. «Міндетімізден уақытында құтылсақ, жұмысымызға ешқандай кедергі келмейді, әрі мемлекет дамуына үлес қосамыз. Себебі халық төлеген салықтың есебінен қалада түрлі құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр", - дейді ол.

 

Рабиға Шалқарова, қала тұрғыны:

 

Өздеріне зиян. Бір жаққа, шетелге шығып бара жатқанда жолда мен талай көрдім, тоқтатып қалып, таможнядан қайтарып жатқандарын. Енді біздің халықтың төлеп жатқан салығынан мектептер салынып жатыр, жолымыз дұрысталып жатыр.

 

Бұдан бөлек, мегаполисте көлік салығын төлемейтіндер де аз емес. Сондықтан бүгінде бекеттерде бақылау күшейіп, қарызы бар жүргізушілердің көлігі айып тұрақтарына өткізілуде. Мамандар қазір пәтерлерін жалға берушілерді де қатаң тексеріп, кәсібін заңдастыру керектігін түсіндіріп, салық заңнамасын сақтауды ескертті.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу