Өскеменде қоғамдық көлік иелері зейнеткерлер мен балалардың жол жүру билетіне жеңілдік жасаудан бас тартпақ. Шығыстың бас шаһарында шілденің басынан бері бір автобус паркі 4 бағытта жолаушылардың барлығына бірдей баға, яғни 90 теңге төлеткізе бастады. Жақын арада тағы бір кәсіпорын балалар мен қарт адамдарға 50 проценттік жеңілдік жойылатынын хабарлады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар мұндай қадамға амалсыздан барып отырғандарын айтады.
Берік Көшербай, Тілші:
Табыстан гөрі шығынымыз көп. Сондықтан өз қалтамыздан қала тұрғындарына қоғамдық көлікпен жүруге бұдан ары жеңілдік жасай алмаймыз. Өскеменде жолушылар тасымалымен айналысатын кейбір кәсіпорындар өз әрекеттерін осылай түсіндіріп, 7 мен 15 жас аралығындағы балаларға және зейнеткерлерге автобус билетін жарты бағамен сатудан бас тартып отыр.
Өскеменнің қоғамдық көліктерінде тариф осыдан 2 жыл бұрын өзгерген. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар жол жүру ақысын 75-тен 90 теңгеге дейін көтерді. «Қаладағы қоғамдық кеңес тиісті жеңілдіктер сақталуын талап етіп, ақыры билет бағасының қымбаттауына келіскен болатын. Бірақ бұл тарифке тек жанармай бағасы мен жұмысшылардың жалақысы ғана кірген, ал басқа шығындарымыз ескерілмеді»,- дейді кәсіпкерлер.
Елена Рядинских, автобус паркінің өкілі:
Қалалық әкімдікті соңғы 2 жылдан бері ескертіп келеміз. Жағдай күннен күнге қиындап бара жатқанын айтып отырмыз. Бұлай жалғаса берсе, біз жеңілдіктерді алып тастауға мәжбүр боламыз. Сонымен қатар, жолаушыларды тек таңғы және кешкі уақытта ғана тасымалдау кестесіне көшуден басқа амалымыз жоқ.
Шілде айынан бастап балалар мен зейнеткерлерге жеңілдік болмайды. Қоғамдық көлік иелері өткен айдың ортасында қалалық әкімдікке осындай мәтінде хат жолдаған. Сонымен қатар, өздеріне тағы да бюджеттен демеу қаржы төлеуді сұраған. Бірақ қалалық әкімдік дәл қазір дотацияға деп дайын тұрған ақша жоқ дейді.
Әлібек Тұрсынбетов, Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
Арнайы құжаттар дайындалу керек. Сондықтан, мемлекеттен мұндай қаражат қарастырылмаған. Автобус иелерімен келісім болған, олар зейнеткерлерге өздері 50 процент жеңілдік беретін. Ендігі кезде бізде комиссия құрылды, қазір жұмысы істеп жатыр.
Келесі аптадан бастап тағы бір автобус паркі 10 бағыт бойынша жеңілдік алынып тасталатынын хабарлады. Қалған компаниялар әзірге әліптің артын бағып отыр. Өйткені, қалалық әкімдік жеңілдік жасамаймыз деген кәсіпкерлерге хабарлама жіберіп, жолаушылар тасымалы туралы келісімшартты бұзамыз деп ескертіпті. Екі тарап ортақ шешімге келгенше, тұрғындарға билеттің толық бағасын төлеуге тура келіп тұр.
Берік КӨШЕРБАЙ