Басты Жаңалықтар Теңіздегі жанжалдың шығу төркінін құзыретті органдар анықтады

Теңіздегі жанжалдың шығу төркінін құзыретті органдар анықтады

Бұдан былай Қазақстанға келіп жұмыс істейтін шетелдік компаниялар жұмыстың 40 пайызын қазақстандықтарға берулері тиіс. Ал отандық және шетелдік мамандардың айлығы теңесуі керек. Теңізде болған жағдайдан кейін әлеуметтік-еңбек дауларын болдырмауға бағытталған нақты ұсыныстар енгізілді. Бүгін Елордада саланың жауапты мамандары журналистерге арнап, арнайы брифинг өткізді. Онда Теңіздегі төбелестің негізгі себептері мен оны жою жолдары айтылды. 

Теңіздегі төбелеске үш себеп бар. Дау-жанжалға түрткі болған алғашқы мәселе – бас мердігер бүкіл жұмысты өздері атқарғысы келген. Яғни, отандық компанияларды тартпаған. Екіншіден – супервайзерлердің бәрі шетелдік. Он мыңға жуық қара жұмысты қазақстандық істейді, ал оларды екі жүзден астам шетелдік басқарып келген. Тіл білмейді, мәдениеттен хабарсыз. Үшіншіден, демпинг мәселесі. Кім төменгі баға ұсынады, соған жұмыс беріледі. Салдарынан, отандық компаниялар ең төменгі жұмыс құнын ұсынуға тырысқан. Мұнайсервистік компаниялар одағы төрағасының пайымы осындай.

 

Рашид Жақсылықов, Kazservice мұнайсервистік компаниялар одағының президиум төрағасы:

 

Бұл компания Қазақстанда бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ. 30 жылдай болды. Бірлесіп жұмыс істейтін заман туды. Және де өзінің артынан мұра қалдыратын заман туды. Екіншіден, қадағалау процесіне қамтылған инженерлер, супервайзерлерді міндетті түрде ұлттық кадрге айналдыру.

 

Бір компанияда шетелдік пен қазақстандық жұмыскерлердің жалақылары да әртүрлі төленіп келген. Тексеріс барысында осындай заңбұзушылықтар анықталыпты.

 

Ақмади Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

 

Аталған компанияға тексеріс жүргізіліп, нақты заңбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде жұмыскерлерге еңбекақы төлеуде теңсіздіктің орын алғаны белгілі болды. Мысалы, отандық және шетелдік жұмыскердің жұмысы бірдей болған. Бірақ екі түрлі төленіп келген. Шетелдік жұмыскерге қосымша ақша төлеген. Ал мұндай мүмкіндік қазақстандыққа қаралмаған.

 

Осындай олқылықтардың бәрін ескере отырып қазақстандық тарап инвесторларға нақты ұсыныстар жасады. Олар қазір қабылданып, бекітіліп жатыр. Алдымен бірлескен құрылыс кәсіпорыны құрылуы тиіс. Екіншіден, компанияның бірінші орынбасарын қазақ азаматына ауыстыру керек. Сонымен қатар, шетелдік компаниялар жұмыстың 40 пайызын қазақстандықтарға беруін міндеттеу қажет. Әрі жалақы мөлшерін теңестіру. Осы ұсыныстардың орындалуына қол жеткізу үшін мамандар бүгін қайтадан Атырауға ұшады.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

 

Бөлісу