Басты Жаңалықтар Шығыс Қазақстанда көпқабатты үй тұрғындарына ауыз су жетпей жатыр

Шығыс Қазақстанда көпқабатты үй тұрғындарына ауыз су жетпей жатыр

Шығыс Қазақстанда бау-бақша иелері кесірінен көпқабатты үй тұрғындарына су жетпей жатыр. Бұл Өскемен қаласының іргесінде орналасқан Опытное поле кенті үшін қазір ең өзекті мәселе. Өйткені, жаз басталса 5 қабатты үйде тұратын жүздеген адам тіршілік нәріне жарымай қалады. Ал саяжай мен жеке тұрғын үй аумағында бақшасын жайқалтып отырған зейнеткерлер өздеріне тағылған айыппен келіспейді.  

 

Қарлығыш Әубәкірова Опытное поле кентіндегі 5 қабатты үйде тұрады. Жаз уақытында су ағатын кранды сағат сайын тексереді екен. Өйткені, тіршілік нәрі жиі болмай қалады немесе сыздықтап ағып тұрады.

 

Қарлығыш Әубәкірова, Опытное поле кентінің тұрғыны:

 

Жыл сайын көктемнен қара күзге дейін су жоқ болады. Су жоқ болады деп ешкім ескертпейді. Бұл проблеманы өзіміз шешеміз, су жоқ болса дүкеннен су сатып аламыз.

 

5 мыңға жуық адам тұратын кент Глубокое ауданына қарағанымен, Өскеменнің дәл іргесінде орналасқан. Облыс орталығына жақын болғанымен, мұндағы ел-жұрт көп жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Сондықтан Опытное поле кентінде 5 литрлік бөтелкедегі су ең өтімді тауарға айналған. 

 

Уәсифа Бәйкенева, Опытное поле кентінің тұрғыны:

 

300 теңгеден сатып аламыз. Ал ана қиқалаңдаған бөтелкені 240 теңгеден аламыз. Саудагерлердің тірлігін жүргізіп, осылай күн көреміз.

 

Ал саяжай мен жеке тұрғын үй халқы су тапшылығына бау-бақша иелері кінәлі деген айыппен аса келіспейді. Белгіленген мөлшерде пайдаланып, тиісті ақшасын төлеп отырмыз дегенді алға тартады.

 

Вера Теркова, зейнеткер:

 

Көпқабатты тұрғын үйлерге су жетпей қалады дегенді естігенмін. Бірақ, оған бау-бақша иелері кінәлі деп айтпаушы едім. Биыл жаңбыр мол, онсыз да топырақтың ылғалы көп.

 

Шағын кентті тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін кәсіпорын Өскемен қаласынан күн сайын 700 текше метр су сатып алады екен. «Жаз уақытында бұдан да көбірек алынады, сондықтан тіршілік нәрінің тапшылығы жоқ»,- дейді мекеме басшылығы.

 

Николай Журба, Сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын  директорының міндетін атқарушы:

 

Құбыр жарылып кетсе апаттық жұмыстар жүргізіледі. Бау-бақшаны суарғаны үшін өткен жылдары проблема болатын. Биыл 300 текше метр тағы қосып берді. Қазір су бәріне жетеді.

 

Дегенмен, осы кәсіпорын басшылығы халықты суды үнемді пайдалануға үгіттеп, бау-бақшаға жеке құдық суын пайдалануға кеңес беріп отыр. Ал орталық су жүйесін қолданатындар бақшаларын түңгі 11-мен таңғы 5-ке дейінгі аралықта суаруға тиіс деп хабарлама жазған.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

 

Бөлісу