Көше тазалайтын жұмыскерлер жалақыны уақытылы алмағандықтан жұмысқа шықпай қойған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көше тазалайтын жұмыскерлер жалақыны уақытылы алмағандықтан жұмысқа шықпай қойған

03.07.2019

Ақтау мен Жаңаөзен қаласының санитарлық тазалығына жауапты мекемелерде жұмысшылар наразылық білдірді. Жаңаөзендік 70-тен астам көше сыпырушы жалақыларын көтеруді талап етіп отыр. 45 мың теңге айлық алатын жұмысшыларға еңбек демалысына да қаржы төленбей келген. Бір жылдан бері зейнетақы қорына қаржы аударылмаған. Ал Ақтаудағы «Қала жолдары» мекемесінің 300-ге жуық қызметкері бүгін жұмыссыз қалғандарын біліп, шу шығарды.

Осылай деп ашынған жұмысшылар талап орындалмаса, жұмысқа шықпайтындарын айтты. Жаңаөзен қаласындағы «Тазалық» мекемесінде 700 адам жұмыс істейді. Оның 70-тен астамы көше сыпырушы. Баянсұлу Құдашованың осы кәсіпорында еңбек еткеніне 10 жыл болды. 4 балалы әйел адал еңбек пен төгілген тердің құны күнкөріске жетпейді деп налиды.  

 

Баянсұлу Құдашова, көше сыпырушы:

 

2018 жылдың сәуірінен бері пенсионный фонд аударылмай жатыр. Міне бір жыл 3 ай болды. Жалақымыз өстейді. Неге ұстап жатқанын да білмейміз.

 

Ал Ақтау қаласының жолдарын күтіп ұстайтын «Қала жолдары» мекемесінің 300-ге жуық қызметкері бүгін жұмыссыз қалды. Оған серіктестіктің тендерден жеңілуі себеп болған. Алайда, жағымсыз хабар жұмысшыларға алдын-ала ескертілмепті.

 

Ақмаңдай Елеусінова, жұмысшы:

 

Біз бүгін естіп отырық жұмыссыз қалғанымызды. Бізге 15 күн бұрын 1 ай демей-ақ қояйық ескертпейді ма? Пенсионный уақытында түспейді. Оған да көндік. Айлық уақытында түспейтін болды.

 

Құрал Дайрабаева, жұмысшы:

 

Қала жолдары жабылмасын. Осында қалғымыз келеді. Сонша кредиттері бар. Пәтер жалдап жүргендер бар. Қарсымыз қала жолдарының жабылғанына.

 

Жұмысшылармен кездесуге қала әкімі Ғалымжан Ниязов келіп, жағдайды түсіндірді. Айтуынша, шілдеден бастап жолдарды күтіп ұстау міндеті «РЭП» мекемесіне жүктелді. Бұл серіктестікке жұмысшылар мен техника ауадай қажет. Сондықтан ешкім жұмыссыз қалмайды дейді.

 

Ғалымжан Ниязов, Ақтау қаласының әкімі:

 

Сол жалақы, сол жүктеме қала жолдарына қаралған қаржы «РЭП-ке» беріледі. «РЭП» соны төлейді. Бұл жерде мен басқа мәселе көріп тұрған жоқпын. Қала жолдарында қалғанда не істейсіндер, жұмыс жоқ. Сол техниканы пайдалана бересіңдер, сол мемлекеттік машиналар қала жолдарының сол күйі жұмыс жасай береді.

 

Жаңаөзендегі «Тазалық» мекемесінің жұмысшылары да бүгін міндетіне кірісті. Жалақылары өспегенімен, еңбек демалысына төленбеген қаражаттары осы айдың 10-на дейін берілетін болды. Ал жұмысшылардың зейнетақы қоры шілденің соңына дейін толығуы тиіс.  

 

А.ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу