Қостанайдағы қазақ мектептері жабылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы қазақ мектептері жабылмайды

03.07.2019

«Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебі жабылады». Интернет ресурстарда соңғы күндері осындай ақпарат тарады. Бұған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, мектеп мәселесін шешу туралы министр мен әкімге міндет жүктеген. Бүгін осыған байланысты баспасөз мәслихатын өткізген жергілікті билік өкілдері ғаламторда тараған ақпаратты жоққа шығарды. Біріншіден Қостанайда жалғыз емес, алты қазақ мектебі бар. Екіншіден олардың ешқайсы жабылмайды. Тек орталықтағы бастауыш қазақ мектебін басқа орынға көшіріп, орта мектепке айналдыру туралы айтылған. Алайда бұған ата-аналар үзілді – кесілді қарсылық танытты. Бұл туралы «Ақпарат» бағдарламасының өткен аптадағы шығарылымында айтқан болатынбыз.

 

Қайрат Ахметов, қала әкімі:

 

Жеңіс және Бородин көшелерінің қиылысынан жаңа оқу жылында тағы бір қазақ мектебін ашамыз. Бұл мемлекеттік тілде білім беретін жетінші мектеп болады. Оған сол маңайдағы аралас мектептерде оқып жүрген оқушыларды жинаймыз. Ал 24 бастауыш мектебі сол орнында қала береді.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу