Жаңа жүйенің салдарынан ата-аналар балаларын мектепке бере алмай сабылып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жүйенің салдарынан ата-аналар балаларын мектепке бере алмай сабылып жүр

02.07.2019

Мектепте орын жоқ! Ақтөбеде балаларын бірінші сыныпқа бере алмай дал болған ата-ана өтініш берудің өзі мұң болды деп шағымдануда. Қазір білім ордасына қабылдау электронды түрде жүріп жатыр. Алайда, жүйе жиі істен шығады. Әрі жаңа жүйемен жұмыс істеу тәртібі көпшілікке түсіндірілмеген. Сондықтан, ата-аналар Халыққа қызмет көрсету орталығы мен мектептің ортасында сабылып жүр.

 

Жанат Төребекованың баласы биыл бірінші сыныпқа барады. Ол 1 апта бұрын өзі тұратын аумақтағы мектепке өтініш беріп үлгерген. Ереже бойынша, құжаттардың қабылданғаны, не қабылданбағаны туралы өтініш 5 жұмыс күнінде ата-анаға хабарлануы тиіс. Алайда, Жанат әлі күнге дейін мәлімет ала алмай жүр. 

 

Жанат Төребекова, қала тұрғыны:

 

Қазір бір апта өтті. Соны білуге келіп отырмын. Электронды жүйені қолданбайтын ата-аналар болады ғой, солар қиналуы мүмкін. Ата-аналардың көбісі біле бермейді.

 

Мектепте бала саны көп. Сондықтан сабақ үш аусыммен өтеді. Бүгінге дейін  бірінші сыныпқа 150 бала қабылданды. Тағы өтініш түсетіні анық. Алайда, енді орын жоқ. «Балаларды қабылдай алмайтын болған соң, ата-аналармен келіспеушіліктер болуы әбден мүмкін»,- дейді мектеп басшылығы. 

 

Ажар Қабетова, №56 мектеп директорының орынбасары:

 

150 баладан артық қабылдай алмаймыз. Біз порталды жаптық. Әзірге қосымша өтінішпен келіп жатқандар жоқ. Бола қалған жағдайда, оларды басқа мектептерге жібереміз.

 

Ата-аналар өтінішті электорынды түрде берудің машақат екенін айтады.  Ереже бойынша 063 және 026 медициналық анықтама мен 3х4 сурет сканерден өткізіліп, арнайы сайтқа енгізілуі тиіс. Бұл қызмет әр мектепте жүргізіледі. Дегенмен, тұрғындар электронды жеке қолтаңба алу үшін және өтініш беруге Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, уақыт жоғалтып жатыр.

 

Әсел Мұстафина, ХҚКО баспасөз хатшысы:

 

Әкімшіліктен, мектептегі орындаушылардың ата-аналарға толыққанды жеткізбеуі, яғни, сол сайттағыны қалай алу керектігі туралы ақпараттың көрсетілмегендігі болуы мүмкін. Сол себепті біздің Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандарға көптеген шағымдар түсіп жатады.

 

Жұлдыз Шалабаева, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

 

Кейбір ата-аналардың наразылықтарын тудырып жатқан мәселелер, «бала қабылдамай жатыр» немесе «сайтта ол мектеп көрсетілмеген» деген сұрақтар туып жатыр. Ол мектепте көрсетілген бала саны қазіргі  уақытта толық қабылданып болды. Жұмыстану барысында жүктеген кезде 3 секунд, бес секунд уақыт аралығында ғана сондай кедергілер туындауы мүмкін. Басқа уақытта сайт толығымен жұмыс істеп тұрды.

 

20-маусымға дейін балалар өз аумақтары бойынша қабылданды. Бұдан кейін  ата-ана өз қалауы бойынша кез -келген мектепке өтініш түсіре алады. Бірақ, қаладағы білім ошақтарының дені қазірдің өзінде толып қалған.

 

Жақсыбек Кемал, тілші:

 

Қала бойынша 81 мектеп бар. Бірінші сыныпқа биыл 11 000 бала қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде олардың тең жартысы өтініш беріп үлгерген. 12 мектеп  бала қыблдауды тоқтатты. Яғни толық. Енді бұл мектептерге тағы өтініш түссе 1-сыныптар қосымша ашылуы мүмкін. Былтыр қаладағы № 60 мектепте 22 бірінші сынып болды.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу