Басты Жаңалықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Арысқа 65 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Арысқа 65 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді

Алматыда Арыс жұртына жылу жинау ісі әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан 65 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді. Бұл бастамаға кәсіпкерлер де қолдау көрсеткен.

 

Төтенше жағдай болған күннен бері мегаполистегі  «Достық»  үйінде ашылған кеңсеге зардап шеккендер үшін қажетті заттарды әкелуде. Ал  этномәдени бірлестік өкілдері алғашқы күні-ақ 1 миллионнан астам қаражат жинаған.

 

Шаймардан Нұрымов, Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығының төрағасы:

 

Осы уақыттың ішінде 100 тоннаға жуық жейтін тамақ, киім-кешек жіберілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан. Енді екінші кезең басталды. Ол екінші кезең енді бағанағы қираған жерлерді, бұзылған үйлерді орнына келтіру және бірінші қыркүйекте оқу өз уақытында басталу керек.

 

Жиналған жылудың бір бөлігі кәсіпкерлердің атынан жіберілді. Азық-түлік, киім-кешектен бөлек, құрылыс материалдары да бар. Бүгін жолға шыққан 9 жүк көлігі ертең таңертең Арысқа жетеді. Ал сол жерде күні-түні жұмыс істеп жатқан еріктілер оны күтіп алып, мұқтаж жандарға үлестіреді.

 

Долқунтай Абдухалил, кәсіпкер:

 

Бұл біздің Қазақстанда тұратын, өзіміздің бір борыш деп ойлаймын. Жинап айтқанда біз бір ата-бабаның, бір ананың балаларымыз. Біз осындай кезде бір бірімізге көмектеспесек, қай кезде көмектесеміз.Тағы көмектеріміз бұдан кейін де болады деп ойлаймын.

 

Аталған құрылым осы уақытқа дейін ел көлемінде жалпы құны 70 миллион теңгенің заттарын Түркістан өңіріне жөнелтіп, жәрдем берген. Олар әр аймақтан гуманитарлық жүк тиелген көліктерді әлі де жіберіп жатыр. Енді ұйымның өкілдері зардап шеккен жандардың баспаналарын қалпына келтіру ісіне ден қоймақшы.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

 

 

 

Бөлісу