Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ашты

02.07.2019

Бүгін Қазақстан Президенті ЭКСПО қалашықта орналасқан «Астана» халықаралық қаржы орталығында болып, бірнеше нысанның ашылуына қатысты. Ол  жаңа сот ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталық. Бұл құқықтық институттар ағылшын құқықтық қағидасы негізінде жұмыс істейді. Astana Finance Days халықаралық форумы аясында өтіп жатқан шарада қаржы орталығының бір жылдық жұмыс нәтижесі қорытындыланып,  орталықты басқару  жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Президент  форумға арнайы келген бірқатар делегаттармен кездесу өткізіп, қаржы орталығын ары қарай дамытуға бағытталған нақты мәселелерді талқылады.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сот ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ресми түрде ашық деп жариялап, қалыптасқан дәстүрге  сәйкес арнайы балғамен соққы жасады.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Біз заманауи, кәсіби және дербес сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ағылшын құқығы қағидаты негізінде құру арқылы біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының институционалдық құрылымын жасауды аяқтаймыз. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырамыз.

 

Жаңа ғимараттағы «Төле би» залында өткен шарада Мемлекет басшысы ТМД елдері ішінде алғаш рет Қазақстанда ағылшын сот төрелігі сәтті қолдана бастағанын атап өтті, жиналғандарды дала билер сотының тарихынан аз кем хабардар етті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Біздің отандық сот жүйесінің тарихы 15 ғасырдан басталады. Қазақстандағы негізгі сот органы билер соты болған. Би дегеніміз біздің тілімізде «судья» деген сөз. Бұл институт елді бейбітшілікке, бірлікке бастады. Бүгін тарихымыздың жаңа бетін ашып отырмыз. Бұл  шараның қазақ тарихындағы үш маңызды бидің бірі —  Төле би залында өткізіп отырғанымыздың өзі ерекше символға ие. Мен Астана халықаралық сотының төрағасы Лорд Вульфқа, арбитраждық орталықтың төрайымы Барбара Доманға ризашылығымды білдіргім келеді.

 

Сот ғимараты мен арбитражды орталықтың ашылуы Astana Finance Days форумы аясында өтті. Мемлекет басшысы халықаралық шараның пленарлық отырысына да қатысып, қаржы орталығының жылдық есебін тыңдады, оны басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді.  

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Ресми түрде іске қосылғаннан бері бір жыл ішінде Халықаралық қаржы орталығы беделді қаржы орталықтарының жаһандық индексі бойынша

37-ші позицияға көтеріліп, 51-ші орынға ие болды. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған, қажетті инфрақұрылым бар. Енді бізге нақты нәтижелерге қол жеткізу керек. Орталық базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», ҚТЖ, «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың  IPO-сы өтеді.

 

Отырысқа  Еуропалық қайта құру және даму банкі, «JP Morgan Chase International»,  Ресейлік «Сбербанк», Ислам даму банкі  секілді ірі қаржы ұйымдарының басшылары да қатысты.

 

Джули Монако, «City Group» инвестициялық және корпоративтік банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы:

 

«City Group» Қазақстанда банктік жұмыстар атқара алатын бірден бір халықаралық қаржы ұйымы болып есептеледі. Біздің қазір бес қалада өкілдігіміз жұмыс істейді. Астана халықаралық қаржы орталығымен әріптестік орнатып, оның дамуына атсалысатын боламыз. Өңірлік қаржылық ХАБ-қа айналуда жеңілдетілген визалық режим мен ағылшын сот төрелігі көп көмек болуда.

 

Президент делегаттардың бірқатарымен екі жақты кездесу де өткізді. Мысалы, «Bloomberg Media Group» басшысы Джастин Смитпен қаржы орталығынан тікелей хабар тарататын телестудия ашу жайын талқылады. Ал  басқару кеңесіне жаңа тағайындалған  Ислам даму банкінің басшысы Бандар Хаджар мырзамен қаржы орталығында ислам қаржы құралдарын дамыту мәселесін қозғады. Мемлекет басшысы сондай-ақ қаржы орталығының жобалары қойылған көрмені аралап көрді.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу