1 шілдеден бастап Павлодар облысында аналогты телевизия біржолата өшірілді. Ал, бұған дейін Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы толықтай көшкен болатын. Бүгіннен бастап Қостанай өңірінің тұрғындары да заманауи радиотелевизиялық стансадан таралатын сапалы бағдарламаларды көруге мүмкіндік алды. Тақырыпты Дәуренбек Әбдібек тарқатады.
Павлодар облысында 400 ге тарта елді мекен бар. Оларға телехабар таратуды сандық жүйеге көшіру үшін 29 радиотелевизиялық стансалар салынды. Енді шалғай елді мекендердің өзі жерсеріктік бейне, аудио қабылдағыштарды сатып алмай-ақ сапалы бағдарламалар көре алады.
Серік Арғынбай, Павлодар облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының цех басшысы:
Алыстағы елді-мекендер табақша антенна қойып 160 тай канал көретін. Бұл кішкентай елдерге қымбаттау болып келеді. Өйткені, қондырғылары қымбат. Ал, мынау жәй ғана үйдің антеннасымен, бөлме антеннасымен 30 дай каналды емен-еркін, тегін көреді.
Алматы облысы да толық цифрлық эфирлік телерадио хабар таратуға көшті. Мемлекеттік жобаны іске асыру барысында Жетісу өңірінде 772 елді мекенді цифрлық эфирлік телерадио хабар сигналымен қамтитын 90 радиотелевизиялық станция салынып, жаңартылған.
Қайсар Раздықов, Алматы облыстық радиохабар тарату дирекциясының директоры:
Бұрын облыс орталығы Талдықорғанда аналогтық телевизиямен 10 арна ғана көрсетілсе, енді 30-ға дейін арналар қолжетімді.
Осы қос облыстың қатарына бүгін Қостанай қосылды. Жобаны іске асыру үшін облыс аумағына 59 радиотелевизиялық станция салынды. Соның арқасында шалғай ауыл тұрғындары 11, орталыққа жақын орналасқандары 26 арнаны сандық жүйеде көретін болды. Үйдегі теледидарды жаңа жүйеге көшіріп, құлақ күйін келтіруге мамандар кеңес беріп көмектеседі. Хабарласу да, кеңес беру де тегін.
Данияр Бахитов, «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Бізде колл центр бар – 193. Алматыдағы нөмір 2581500. Сосын ватсап желісінде: 87072581500. Осыларға хабарлассаңыз барлық сауалдарға жауап аласыз.
Сандық эфирлық хабар тарату жобасы еліміз бойынша 2021 жылы толық жүзеге асуы тиіс.