Басты Жаңалықтар Сириядан қайтарылған 8 әйел мен 20 бала отбасымен қауышты

Сириядан қайтарылған 8 әйел мен 20 бала отбасымен қауышты

«Жусан-3» операциясы нәтижесінде Сириядан елге қайтарылған батыс қазақстандықтар Ақтаудан туған жеріне оралды. Бұл жолы 8 әйел мен 20 бала туған-туыс, отбасымен қауышты. Ана мен бала, аға мен қарындас жылап-көрісті.

Ұшақтан түскен әйелдер мен балалардың туған жерге табаны тиді. Бүлдіршіндер алаңсыз. Көбі ес білмеген шақта елден жырақ кетті. Қазір 4-5 жасқа толған олар қала көшелеріне, зәулім үйлерге, көліктегі көк байраққа таңырқай қарайды.

Осы мезетте баласы мен немере-жиен, бауырларын көруге асық ата-ана, туыстар айтқан жерге жиналды. Олар ұл-қыздарын 4-5 жылдап көрмеген. Сағат санап, сарыла күткен.

 

Мәриям, тұрғын:

 

Менің қызымды, Қазақстаннан келген бүкіл балаларды алып келген бүкіл қызметкерлерге алғысымыз шексіз. Соның ішінде Батыс Қазақстан қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне. Қызымның жақсы өмір сүріп кетуіне көмектесемін. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» дегендей, қызым мен жиендерімнің болашағы жарқын болады деп ойлаймын.

 

Мәриям апай 3 жыл көрмеген қызы-жиендерімен жылап көрісті. Қауышып, мауқын басты. Жиендері аман-есен. Ал 24 жастағы Айнагүлде жағдай басқаша.

 

Айнагүл Бекетова:

 

Үш баламен кеттім. Екеуі қайтыс болды сол жақта. Бір балам бар қазір. 2016 жылы кеттім осы жерден. Таныстарым, араласатын адамдар шақырды. Қызықтырды. Бардым. Онымен ол жерден жақсы ештеңе көрмедім. Біз ойлағандай емес боп шықты.

 

Кезекті лекпен келген 8 әйел мен 20 бала Ақтауда бір ай оңалту орталығында болған. Әрбіреуінің тағдыры әрқилы. Бірі — өздері бала-шағасымен, бірі — жарының айтуымен Сирия асып кеткен.

 

Мейрамгүл Қажғалиева:

 

Күйеуімнің айтуымен кетіп қалдым. Қателескенімді түсініп жатырмын. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Жолдасым қайтты. Соңғы 2018-2019 жылдары бомба көп түсті. Ашаршылықты да соңғы уақытта көп көрдік.

 

 

Альбина Мансұрова:

 

Өкінем, өте қатты өкінем. Кезінде күйеуіммен, ағаммен бірге кеткем. Бәрі жақсы! Ең бастысы, балаларым аман.

 

Енді бұл топқа да дін істері, білім, денсаулық сақтау басқармалары тиісінше көмек береді. Қоғамға бейімдеп, дәстүрлі ислам құндылықтарына үйретеді. Мектепте оқымағаны болса, оқытып, балабақшаға орналастырады.

 

Азамат Төлепов, Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 

«Жусан-1», «Жусан-2» операциясымен өңірге оралған отбасылармен жұмыстандық. Құжаттары жоқ болса, соларға көмектестік. Психологиялық, теологиялық, құқықтық көмек берілді. Енді осы «Жусан-3» операциясымен келген азаматтар, балалар, жасөпірімдерге дәл сондай көмек көрсетіледі.

 

Күні бүгінге дейін 88 батыс қазақстандық туған жерге оралды. Олардың 58-і бала. Соның ішінде 4-еуі жетім қалған.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

Бөлісу