Алматы облысының Текелі моноқаласында «қымызмұрындық» мерекесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Текелі моноқаласында «қымызмұрындық» мерекесі өтті

28.06.2019

Рухани жаңғыру және Ұлы даланың жеті қыры атты бағдарламалық мақалалары аясында Алматы облысының Текелі моноқаласында «қымызмұрындық» мерекесі өтті. Бұл мейрамда жұрт тек қымыз ішіп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін ұлықтап, ырым-кәдесін көрсетіп, жөн-жоралғысын түгел орындап шықты. Кеншілер қаласының етегіндегі қуаныштан тілшіміз Қуаныш Қанатұлы толығырақ әңгімелейді.

 

Құлынды байламас бұрын дәстүр бойынша желіні майлайды. Одан кейін майды биеге де, үйірді ұстап тұрған айғырға да жағады. Игі тілектер айтып, желінің басына ақ байлайды. Құлынның басын тартып, бие сауып, қымыз ашытады.

 

Қымызмұрындықтағы тағы бір салт ақтамақ деп аталады. Қымызбен бірге дастарханға мал сүтінен жасалған тағамдар қойылады.

 

Мәкен Нұрбайқызы, Текелі қаласының тұрғыны:

 

Ақтамаққа жататындар: қымыз, шұбат, қымыран. Кәдімгі өзіміздің қатық-айран, ірімшік-құртымыз, кілегей-майымыз. Осының барлығы түгел ақтамақ деген топқа жатады.

 

Ұлы даланың жеті қырының бірі – металлургия. Қазақ ежелден темір балқытып, қажетті құралы мен қаруын жасай білген. Жетпіс жастағы Құрмет ақсақал аттың тағасын да, шегесін де 17 жасынан жасап үйренген. Қазір де бабалар мирас еткен әдісті пайдаланып, темірден түйін түйіп жатқан жайы бар.

 

Құрмет Ақанұлы, Жамбыл ауданының тұрғыны:

 

Кездіктерді өзім жасаймын. Ешкінің мүйізінен, арқардың мүйізінен жасалады. Жүзін асыл темірден соғып отырып мына төстің қырына өстіп жасалады.

 

Қария жігітке жеті өнер де аз деген ұстанымға берік. Ат құлағында ойнаған ақсақал асауға шалма салуды үйретіп, жастарға шеберлігін көрсетіп тәнті етті.

 

Дүйім жұрт жиналғанда асау үйрету де жылқы мәдениетінің ажырамас бір бөлігі. Қымызмұрындықта білекті жігіттер аударыспақ ойнап, көкпар тартып мәре-сәре болды.

 

Қымызмұрындықта мамыр қымызды сораптап ішіп, ұлттық ат спорты ойындарын тамашалау да бір ғанибет. Салтын сақтаған, дәстүрін дәріптеген, ұлттық құндылықтарын ұлықтаған ағайынның игі дәстүрі мәңгілік болғай.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу