Пойыз билетін сату жаңа жүйемен іске асырылады
Пойыз билетін сату жаңа жүйемен іске асырылады. Мамандар бұл шара кассадан бастап жолсерікке дейінгі жемқорлық тізбегін үзеріне сенімді. Жаңадан жасақталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде саладағы басқа да былықтар айтылды.
«Пара бер, пара берсең, бара бер». Билет таппаған пойыз жолаушылары осы амалға еріксіз жүгінеді. Яғни делдалдар мен жолсеріктер арасындағы көлеңкелі келісім соған негіз. Ұлттық бюро «Жасырын сатып алушы» операциясын жүргізген болатын.
Билет тапшылығын қолдан жасау — алып -сатарлардың айлалы амалы. Яғни осыған дейін біреу әр түрлі адамның аты-жөнін көрсетіп, 40 билетке дейін сатып алып, оны қымбат бағада қайта саудалап келген. Енді бұл қитұрқылыққа жол берілмейді. Бұдан былай бастапқы көрсетілген құжаттағы адамдардың бәрін емес, тек 10 пайызын ғана өзгертуге рұқсат.
Исламбек Майшекин, «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі:
Адами фактордың араласуын бір жола болдырмау үшін автоматтандыру және цифрландыру жүйесін енгіземіз. Яғни пойыз қызметкерлерін құжаттың әрі билеттің түпнұсқасын тексеретін заманауи құрылғылармен жабдықтаймыз.
Жол азабы да назардан тыс қалмады. «Билет бағасын жыл сайын аспандата беретін компания вагондарды жаңалау қып-қызыл ақша»,-деді. Бір вагонның құны 400 миллион теңге. Сондықтан құрамды ауыстыру ауыр салмақ екен оларға. Дегенмен ең арасы алшақ бағыттағы жолаушылардың жан айқайы естіліпті.
Әлібек Сұлтанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ сервис және клиенттермен жұмыс жүргізу департаментінің директоры:
Тамыз айында компания алған 60 вагон Маңғыстау-Алматы бағытында қатынайтын болады. Мұнымен жаңалау бағдарламасы аяқталмайды. 10 жыл ішінде 1200-ден астам жаңа вагон аламыз деп жоспарлап отырмыз.
Былтыр барлық бағыт бойынша 360-тай рейд өткен. Сол кезде билетсіз мінгізген 362 дерек тіркелді. Құжатсыз жүк тиелген 35 факті тағы бар. Нәтижесінде 130 адам қызметінен кетіп, 26-ның лауазымы төмендетілді.
Нысаналы ЫҒЫЛ