Арыс қаласы 17 секторға бөлінеді. Оған 17 облыстың әкімі бақылау жасайды. Яғни олар баспаналарды қалыпқа келтіру, жөндеу сондай-ақ, жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты болмақ. Арыс қаласындағы апатқа байланысты құрылыған штабтың отырысына қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Сондай-ақ апаттан зардап шеккен тұрғындармен кездескен министр төтенше жағдайға қарамастан әлеуметтік төлемдердің кешіктірілмейтінін мәлімдеді.
57 жастағы Арыс қаласының тұрғынына Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасында ота жасалып, дәрігерлер ажалдан аман алып қалды. Қазір жансақтау бөлімінде ауыр жағдайдағы тағы бір науқас жатыр. 16 жастағы бозбала. Бердібек Сапарбаев оның өміріне байланысты дәрігерлермен сөйлесті. Онан шығып балалар ауруханасында жатқызылған сегіз жастағы баланың хал- жағдайын да көрді.
Министр мұнан соң Шымкент қаласы мектептерінің ғимаратына жайғастырылған арыстық азаматтармен кездесіп, хал- жағдай сұрасты. Жалпы бүгінгі таңда мегаполисте 21 мыңдай азамат қоныстандыру орталықтарына жайғастырылған.
Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Барлық әлеуметтік төлемдер, жәрдемақы, мүгедектігіне байланысты, не болмаса асыраушысынан айырылғандар, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік төлемдер, жалақы төлеуде ешқандай мәселелер болмайды.
Апат орын алған әскери бөлім аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмысы әлі жалғасып жатыр. Бүгінге дейін әскерилер бұл аумақтан 5 мың 700 оқ-дәрі бөлшегін алып шықан. Әуеден барлау жүргізу үшін ұшқышсыз басқарылатын құралдар пайдалынылуда. Саперлар сондай-ақ әскери бөлімнен 20 шақырым радиустағы темір жол бойын да жіті тексеріп жатыр. Бұл іске жарылғыш заттарды іздеп табуымен айналысатын 550 маман жұмылдырылған. Олардың қатарында әскери полиция мен кинологиялық топ та бар.
Бақыт Құрманбаев Қорғаныс министрінің орынбасары:
Бүгінгі сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша қала аумағының 65 пайыз жері оқ-дәріден, жарылғыш заттардан тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Тұрғындар өз үйлеріне оралғанға дейін тазарту ісі толығымен аяқталады.
Арысқа дезинфекция жұмысын жүргізу үшін Қызылорда мен Жамбыл облыстарынан арнайы мамандар келді. Олар енді бірнеше күн бойына қаладағы тазалық жұмыстарымен айналысады.
Жандарбек Бекшин, еліміздің Бас санитар дәрігері:
Кешеден бері біздің мамандар жылжымалы лабораториялар арқылы анализдер алынды. Қазіргі таңда ешқандай радияциялық фон жоқ қалада. 518 сынама нормаға сай.
Апат орнында сондай-ақ тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары да жұмыс істеп жатыр. Осы істі атқаратын 30-ға тарта маман қажетті құралдармен және техникамен қамтамасыз етілді.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ