Семейліктер Президенттің көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың кепілсіз несиесін кешіру жайлы тапсырмасына шексіз ризашылығын білдіруде. Биліктің бұл қадамы табысы төмен жұрттың тұрмысының түзелуіне көп көмек болады дейді. Қазір қалалық әкімшіліктегі мамандар қанша адам мұндай мүмкіндікті пайдалана алытынын есептеп жатыр.
Ирина Бражникова 6 баланың анасы. Аз қамтылған отбасы қазір саяжайда тұрып жатыр. Күнкөрісі — балаға берілетін жәрдемақы ғана. Сәуір айынан бастап 120 мың теңге ала бастаған. Алайда бес ай бұрын рәсімдеген несие еңсемді көтертпей-ақ қойды дейді ол. Пайызы күн санап өсіп, қарызға белшеден батқан Ирина үшін соңғы жаңалық нағыз тосын сый болды.
Ирина Бражникова, көп балалы ана:
Ғаламтордан жаңалықты оқып, Презиенттің бұл шешіміне сенер-сенбесімізді білмей қатты қуандық. Мен сияқты қиындыққа тап болып отырған отбасылар көп қой. Енді осы тапсырманың іске асуын асыға күтеміз.
Ал сал дертіне шалдыққан Николай Ельчанинов алаяқтардың құрбаны болған. Оны алдап соққандар 1 миллион теңгеге жуық несие рәсімдетіп алып жоқ болған. Мүгедектігі үшін алатын 40 мың теңгенің тең жартысын банкке төлеуге мәжбүр. Енді мемлекеттің жеңілдігі арқылы қарыздан біржола құтылатынына риза.
Николай Ельчанинов, қала тұрғыны:
Қазақстан Президентіне үлкен алғыс айтқым келеді. Қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға бұл үлкен жеңілдік болайын деп тұр. Бұл күнді мен ұзақ тостым.
«Қазір Семейде атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы 800- ге тарта отбасы бар. Жәрдемақыға күнелтіп отырған кембағал жандар 10 мыңнан асады. Олардың ішінде шағын несие алғандарды жақын арада анықтаймыз»,- дейді мамандар.
Азамат Құрманғалиев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
Көп балалы және сонымен қатар асыраушысынан айырылған отбасылар. Одан кейін мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бір мәреге тұрып, қайтадан жаңа серпінмен болашаққа деген дұрыс жоспар құрып, дұрыс бағдар алып, соны әрі қарай іске асыруға тағы бір қолдау көрсетейін деп отыр мемлекет.
Шағын несиені кешіру арқылы тұрмысы төмен талай жанның жағдайы түзелері күмәнсіз. Мемлекеттің діттегені де сол. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру.
Ержан ЖАҚЫП