Әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтардың несиесін өтеп беруге мемлекет 105 миллиард теңге қарастырмақ
Әлеуметтік аз қорғалған санатына жататын азаматтардың несиесін өтеп беруге мемлекет 105 миллиард теңге қарастырып отыр. Бүгін Үкімет мүшелері «Қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту» туралы Президент Жарлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді. Келтірілген ақпаратқа сәйкес, 105 миллиардтың 88,5 миллиарды республикалық бюджеттен, 17 миллиард теңгесі Проблемалық несиелер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартылмақ. Қыруар қаржыға арнайы санатқа жататын азаматтардың қарызы жабылады. Сонымен қатар, 5 миллион адамның несие өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі.
Елімізде тұрмысы төмен 993 мың азамат бар. Соның 443 мыңы борышқа белшеден батқан. Шама-шарқына қарамай қарызды ақшалай алған, одан қалды тұтыну несиесіне жүгінген. Соңында банкке берешек болып, Президенттен жәрдем сұраған. Мемлекет енді сол азаматтардың қарызын жауып бермек.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Көп балалы отбасылар дегеніміз 4 одан да көп 18-ге дейін балалры бар отбасылар болып саналады. Осындай отбасылардың кредиті бар ма базадан қаралады. Екіншіден, асыраушысынан айырылған төлем алатын отбасылар, келесі, мүгедек балалары бар, 18 жасынан асқан мүгедек баласы бар отбасылар және заң бойынша мемлекеттен АӘК алып отырғандар.
Мемлекет жалпы сомасы 3 миллион теңгеден аспайтын несиесі бар азаматтардың 300 мың теңгесін ғана өтеп береді. Себебі, заемдардың 90 пайызға жуығы 1 млн-ға жетер-жетпес. Демек, аз көлемде алынған ақша түгел жабылса, қыруар қарыздың сыйақысы немесе айыппұлы ғана өтеледі. Ал, бір емес бірнеше банкке борышы бар азаматтың тек бір кредиті кешірілмек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі:
Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты өсімпұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады.
Иә, енді банктер әр нәрсені сылтау етіп, клиенттің қалтасын қаға алмайды. Бұл – той жасаса несиеге жүгіретін қазақ үшін қуанышты жаңалық. Бірақ, айлығы шайлығына жетпей жүргендер енді банктен оңды-солды несие ала алмайды.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
Қаржы қызметтерін тұтыну құқығын қорғау бойынша банк те, қосымша шараларды қолға алады. Ең алдымен, кіріс көзі төмен азаматтарға несие берудің тетіктерін күшейтеміз. Президент жарлығында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынғаны айтылды.
Қазір, арнайы санаттағы азаматтардың банктегі борыштары түгел зерделенеді. Ұлттық Банк пен Мемлекеттік несие бюросы бірлесіп сандарды салыстырады. Айтпақшы, бұдан өзге 5 миллион адамның несие өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі. Оны қаржылық мекемелер өз мойнына алмақ.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі:
Ал, қалған адамдарға 5 мииллион халық бар. Жалпы тұтыну кредиті бар. Солардың барлық айыппұлдары өтелетін болады. -Барлық азаматтар жаңағы санатқа кірмесе де ме? Иә!
Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Банктің есеп-қисап жұмыстары екі айдың ішінде аяқталады. Сосын, арнайы топқа кіретін адамдардың қарыздары өтеле бастайды. Ол үшін борышкерлердің банктерге барудың еш қажеті жоқ. Қаржы министрі, аталған бір реттік жәрдемнің бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек екенін баса айтты. 
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ