Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Арыстағы апаттан зардап шеккендердің жағдайымен танысты. Үкімет мүшелері жедел жәрдем ауруханасында жатқан екі науқастың көңілін сұрады. Олардың бірі 57 жастағы әйел. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасап, аман алып қалды. Ал екінші науқас 16 жастағы бозбала. Әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жағдайы ауыр,- дейді. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев балалар ауруханасында жатқан сегіз жастағы баланың хәлін білді. Балақай жол көлік оқиғасында жарақат алған.
Үкімет мүшелері Шымкенттегі мектеп ғимаратына жайғасқан арыстықтардың да жағдайын көрді. Қазір мегаполисте 21 мыңдай азамат қоныстандыру орталықтарына жайғастырылды.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Акт жасап, соған байланысты жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Мүмкін бір үйлерді 2-3 күнде жөндеп, халықтың көшіп баруына жағдай жасаймыз. Ал қалпына келтіре алмайтын үйлер болса қайта салу керек. Оған дейін азаматтар Шымкентте уақытша тұра тұрады.