Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұтынушы несиесін кешіру туралы шешіміне жұртшылық қуанып жатыр
Несібесін еріксіз несиеге жіберетін жұртшылыққа Мемлекет басшысының ұйғарымы майдай жақты. Өйткені қаптаған қарыз онсыз да аз қамтылған отбасыларды қажытқаны айтылып жүр. Сондай-ақ, азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары, әсіресе көпбалалы аналарға үлкен көмек, едәуір демеу болды. Жаңалыққа қуанған жандармен тілшілеріміз кездесіп қайтты.
Гүлім Әбілдина – көпбалалы ана және ата-енесінің қолындағы келін. Жолдасы нәпақасын жолдан тауып жүр. Таксист. Өзі екі жерде еден жуады. Алайда тапқан табыстарының татымы аз. Себебі үй жалдайды. Банкке де 1 жарым миллион теңгеге жуық берешегі бар. Солай ай сайын 150 мың ақшаны алты баласының аузынан жырып, қарызын жабады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағымды жаңалығы үміт сыйлап, көңіл тойдырды», -дейді.
Гүлім Әбілдина, көпбалалы ана:
Төбем көкке жеткендей болды ғой. Өзім қиналып жүргенде. Бүгінгі қуанышымды кешке келгеннен кейін күйеуіммен бөлісейін деп, тосын сый жасайын деп отырмын күйеуіме. Қаншама қаражат қой. Соның өзін таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, аяқтан талып төлейміз ғой. Соған бір көмек.
Ал Анар Исаханова жәрдемақымен ғана жан бағып отырған жалғызбасты, әрі көпбалалы ана. Амалы қалмаған соң банктен 200 мың теңге ақша алған. Қайтарымы жұмыссыз жанға қиын тиіп, қалай етерін білмей жүрген. Енді есі кетіп қуанып отыр. Себебі, Президенттің пәрменінен кейін несиесінен құтылуға үмітті.
Анар Исаханова, көпбалалы ана:
Сол естігенде қуанып жатырмыз. Құдайға шүкір бізді де естіитін адам бар екен, көмек бар екен. Қиналғасын несие алдық. Көмек берсе өте қуанышты боламыз.
«Бұл өз кезегінде мемлекеттің әлеуметтік саясатты нықтап ұстанғанын айқындайды. Сондай-ақ халықтың аяққа тұруына да септігі зор»,-дейді сарапшылар.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Қаржы жүйесі мен адамдардың арасындағы байланысты өркениетті жолға өткізу деп ойлаймын. Сондай-ақ мұнда Ұлттық банк пен қаржы орталықтарының жауапкершілігін арттыру мәселесі болып жатыр. Мүмкіндігі жоқ адамдарға кепілсіз несие беретін ұйымдар көбейіп кетті. Ал олар кейін жауапкершілікті алған адамдардың мйнына іліп қойып жатыр.
Бұл халыққа жасалып отырған бір ғана қамқорлық емес. Енді банктер төлем қабілеті төмен адамдарға несие мүлдем бермейді. Яғни қарызға батқаннан гөрі, оған ұрынбауды ұғынған жөн.
Нысаналы ЫҒЫЛ