Нұрсұлтан Назарбаев Арыста қайтыс болған азаматтардың жақындары мен отбасыларына көңіл айтты. Елбасы Арыс тұрғындары жалғыз еместігін айтып, бәрін қалпына келтіреміз деді. Бүгін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында оңтүстіктегі шағын ғана қаланы шарпыған апат мәселесі қаралды. Үкімет пен жауапты мекеме басшыларына шұғыл түрде әрекет етіп, таяу арада қала тұрғындарының өз үйлеріне оралуы үшін барлық жағдай жасау тапсырылды.
Арыстағы апаттың салдарынан бір күнде 45 мыңнан аса адам өз үйлерін тастап, қаладан қашуға мәжбүр болды. Билік төтенше жағдай кезінде барынша шұғыл қимылдады. Дегенмен, жойқын жарылыстың салдарынан зардап шеккендер бар. Елбасы кеңес отырысының басында қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы , Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:
Арыста зардап шеккендердің, әсіресе, қайтыс болғандардың жанұяларына, туған-туысқандарына солармен бірге екендігімізді айтқым келеді. Шын жүректен көңіл айтамыз! Зардап шеккендердің саны мендегі мәлімет бойынша,160 адамнан асты. Барлық көмек көрсеткендерге алғыс айттым.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жарылыс салдарын жоюға атсалысып жатқан барлық құзырлы орган қызметкерлерінің және еріктілердің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Өңірде қалыпты жағдайды тезірек қалпына келтіру және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қолданылып жатқанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы , Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:
Көп ғимараттар құлады. Үкімет басшысына тапсырма берілді. Соларды тез арада қалпына келтіріп, 27-28- нде халық қайтадан үйлеріне келетін болсын. Жаз бойынша жөндеу жұмыстары толық аяқталатын болады. Ондай жағдайлар әр жерде болып тұрады. Осының өзі бүкіл қазақстандықтардың қайғысына айналды. Барлығы «Арыспен біргеміз!» деп әр мекеме, әр өндіріс, жұмыс жасап жатқан адамдар көмектесіп жатқанын біліп отырсыздар. Осындай бірлігіміз болатын болса, әр уақытта солай болады. Өткенде Алматы облысында су тасқынан зардап шеккендерге де сондай болған, ОҚО-да жер сілкінісі болған кезде де сондай болған. Елдің ынтымақтастығы деген халықтың қайғысына, жаманшылығына үлкен тіреу болады деп сенемін. Сондықтан Арыстың жұртшылығы жалғыз емес. Мемлекет болып, ел болып, бәрін қалпына келтіреміз.
Кеңес отырысы барысында сондай-ақ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша еліміздегі су ресурстарының және су шаруашылығы нысандарының жай-күйі талқыланды. Тұрғындар үшін таза ауыз судың қолжетімді болуына және тіршілік нәрін үнемдеп пайдалану мәселелсіне ерекше назар аударылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы , Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:
Су мәселесі Қазақстанға өте күрделі. Ауыз су мәселесі бар. Ауыл шаруашылығына қолданылатын су бар. Өндірістің мәселесі бар. Дүниежүзінде бұл жөнінде көп жұмыс жасадық. Сондықтан бұл жерде жердің астындағы су, жердің үстіндегі су қанша, болашақта қалай жұмыс істейміз. Осы жөнінде үлкен әңгіме болды.
Отырыс қорытындысы бойынша Арыс қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғылықты жеріне оралуын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ