Павлодарда қала маңында тұратын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға баспана беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда қала маңында тұратын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға баспана беріледі

21.06.2019

Тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында Павлодар қаласына қарасты елді мекендердегі ескі үйлер сүріледі. Президент Үкіметке жүктеген 10 бағыттың бірі түрлі санаттағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту. Тұрғын үй саясатын жасақтау. Осы мақсатта Павлодардағы ескі үйлердің орнына  жаңасы салынып, баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. 

 

Қалаға кіре беріс қақпадағы Ленин кенті бұл. Көзге ұрып тұрғаны пролетариат көсемінің есімі және сұрқы қашқан бірнеше тұрғын үй. Нұр-Сұлтан қаласынан  Павлодарға  келген  адам алдымен  қалқиып  тұрған осы үйлерді көреді.

Әнуар Күмпекеев, Павлодар қаласының әкімі:

 

Бесеуін бұзу қажет. Екеуін қалпына келтіреміз. 1-ші үй бойынша бұзу жұмыстары басталды, бүгіннен бастап. 2 аптаның ішінде осы жұмысты бітіреміз.

 

Іле  жаңа үйдің құрылысы басталады. Олар көпбалалы отбасыларға беріледі. Әзірге апатты үйлердің тұрғындары Павлодар қаласына көшірілді. Көбі зейнеткер немесе жанашыр жақыны жоқ жалғызілікті жандар. Гудиндер отбасына ұядай ғана бір бөлмелі пәтер берілді. Қариялардың қуанышы шексіз.

Валентина Гудина, қала тұрғыны:

Су тасу, от жағу, көмір кіргізу бәрі мойнымызда болды. Қыста суық, көктем мен күзде ылғал тартып тұрады. Оның үстіне зайыбым екеуміз ғана қалдық. Ал қаладан берілген мына үй керемет болды. Мемлекетке рахмет, бізге қамқор болып жатыр.

 

Мемлекет үй-күйі жоқ жандарды да далада қалдырмайды. 220 орындық мына жатахана жақында күрделі жөнделді. Әзірге бұнда 150-ден аса адам тұрып жатыр. Оралбай Сламбеков Ресейлік қандасымыз. Істі болып жазасын Қазақстанда өтеді. Енді осында тұрақтап қалу үшін құжаттарын дайындап жатыр.

Оралбай Сламбеков, қала тұрғыны:

 

Түзеу мекемесінен шығысымен осында келіп орналастым. Тұрмысқа қажетті барлық жағдай бар. Жатын орнымыз, кітапхана, тіпті, міне спорттық жаттығу құралдарына дейін қойылған. Ең бастысы мен қазір жұмыс істеп, қаржы тауып жүрмін. Оған Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көмектесті.

 

Әлеуметтің әлеуетін көтеру басты назарда. Биыл жергілікті билік қала маңындағы ауылдарды дамытуға басымдық бермек. 

Болат АМАНБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу