«Nur Otan» партиясының кезектен тыс конференциясында Президент ұсынған 10 бағытты жүзеге асыру жайы талқыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасындағы басымдықтарды жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Басымдықтардың ең бастысы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл ретте Елордада жақын күндері "Бақытты отабасы" орталығы ашылмақ. 10 негізгі бағытты жүзеге асыруға мемлекеттік органдардан бөлек «Nur Otan» партиясы да қолдау көрсетеді.
Нұр-Сұлтан қаласының су жаңа әкімі Алтай Көлгіновке бүгін тағы бір қызмет пен жаупкершілік жүктелді. Енді ол «Nur Otan» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы. Партияластары оған бірауыздан дауыс беріп, осындай шешім қабылдады. Партиялық басшылықты қолына алған жаңа әкім күйіп тұрған әлеуметтік мәселелерді шешуге бірден кірісетінін жеткізді. Мысалы, көп балалы отбасылар жағдайын былайша шешпек.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
«Бақытты отбасы» жобасының айналасында біз аз қамтылған отбасылараға көмектесеміз. Осы жақын арада көптеген жұмыс атқарылды. «Бақытты отбасы» орталығын ашамыз. Ол орынды дайындап жатырмыз. Партия атсалысады. Қоғаммен бірге шешіледі.
Халықтың тұрмысын түзеуді партия төрағасы Елбасы да, Президент те басты назарға алды. Сондықтан да алдағы желтоқсан айында қалада 900 - ге жуық аз қамтылған отбасына пәтер беріледі. Нұр отандықтар съез бен сайлауалды тұғырнамада айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға атсалыспақ.
Мәулен Әшімбев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Бәріміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының аясында Елбасымыздың саясатын ары қарай жалғастырып, нақты жұмыстарды ары қарай жүзеге асыру үшін жұмылып, жұмыс істеуіміз керек. Бұл біздің партияның алдындағы тұрған ең үлкен мақсаттардың бірі.
Халықтың кіріс көзін көбейту тек Елордада емес, өңірлерде де қолға алынды. Осы айдан бастап медицина, білім беру, спорт, мәдениет саласындағы 1 миллион 100 мың адамның жалақысы 30 пайызға дейін өсті.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ