Елбасының замандастары Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы ерен еңбегі жайында айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының замандастары Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы ерен еңбегі жайында айтты

21.06.2019

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін барлық ауыртпалығымен жеке-дара қалған Қазақ елін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қиындықтан алып шықты. Тұңғыш Президент ең әуелі ішкі экономикалық жағдайды қолға алып, соған аса маңыз берді. Сол тұста Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қоян-қолтық қызмет етіп, қолғабыс еткен замандастары осыны еске алып, айтты. Үзеңгілес әріптестерінің сөзінше, қысылтаяң шақта әлеуметтің әлеуетін көтеруге ден қойды. Елбасы қоңсылас жатқан мемлекеттер мен шетел басшылары арасында диалог орнатып, ынтымақтасты. Өндіріс орындарын жаңа заман сұранысына қарай өркендетті. Саяси-экономикалық реформаларды сәтті іске асырды. Міне, осындай ерен еңбектің нәтижесінде, Назарбаевпен бірге қиындықты жеңіп, еңсере білген Қазақстан халқы қазір әлем алдында абыройы биік елге айналды.

 

Елбасы жүргізген саясаттың мақсат-мұратын жүрекпен ұққан, тілекпен түйсінген, ниетпен қоштаған, тізе қосып, бір сапта еңбек еткендердің естеліктері көп-ақ. Анығы сол, олар Нұрсұлтан Назарбаевпен тәуелсіздіктің тынымсыз, бұрқ-сарқ еткен қазанында бірге қайнады. Қазір де сол, озық отыздықтың белестеріне бет түзеген мемлекет саясатының сахнасында жүргендер Тұңғыш Президенттің ұстанымын ұтымды жалғастырып келеді.

 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы тарихи сәтті Елбасымыз оң шешім деп қабылдап, халықтың өмірін өзгертуге маңызды қадамдар жасады. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа мемлекетті ғана емес, сонымен бірге Қазақстандықтарды жаңа біртұтас ұлт етіп қалыптастырды. Сондықтан, бүгінгі гүлденген Қазақстан ол – Елбасының еңбегінің нәтижесі, ол – Елбасының еңбегінің жеңісі мен жемісі.

 

Елбасының қасына еңбекке ащы маңдай терін сатып, жұмысқа жігерін  жаныған адал азаматтар жиналды. Сондай замандастарының пікірінше, Қазақ мемлекетінің іргесін бекітіп, ажарын ашқан, кемеңгерлікпен кемелін танытқан, табысын толымды етіп, бес құрлыққа беделін асырған Назарбаевтың іргелі істерін әркез халық қоштап, қолдаған. Ал, оның жекелей жасаған жақсылығын қиын кезде жанынан табылған жандар әлі ұмытпайды.

 

Вера Сидорова, ҚазССР Жоғарғы кеңесі президиумы төрағасының бұрынғы орынбасары (1987-1990жж.):

 

Мен Нұрсұлтан Әбішұлын алғашқы рет Алматыда еңбек озаттарының жиналысында көргенмін. Сол кезде танысқанмын.  Оған бәрі келіп қолтаңба алып жатқан. Ол кезеңдерде айлық жоқ, зейнетақы бермейді. Мемлекеттік қызметтің өз қиындығы болды. Сондықтан, үнемі сол қиындықтарды еңсеруге көмектесіп отырды. Бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймын.

 

«Елбасы әркез ішкі саяси тұрақтылық пен тыныштықты бірінші кезекке қойды»,- дейді үзеңгілес болған Өмірбек Байгелді. Қайраткердің сөзінше, Назарбаев 2000 жылдары қыспаққа алған қаржы дағдарысында да қарап қалмады. Экономикалық саясатты мығымдады. Инвесторларды тартты. Қиын-қыстау кезеңнен тірлікті құлдыратпай, елдің еңсесін тіктеді.

 

Өмірбек Байгелді, Мемлекет және қоғам қайраткері:

 

Барлық міндетін абыроймен атқарды осынша жыл. Қиын-қыстау күндердің бәрін басынан өткізді халықпен бірге. Бірге істедік, бірге өткіздік осы заманның бәрін. Енді ол кісіге ұзақ, зор өмір тілеген дұрыс.

 

«Елдің мәдениетіне құрметпен қарау керек!» Барлық халыққа арнаған Жолдауында ұлт руханиятын ұлықтай білген Тұңғыш Президенттің сөзі, бұл. «Тоқсаныншы жылдары тоқырауға түскен кино, театр өнеріне мән беріп, кейінгі 15-20 жылда саланың тамырына қан жүгірткен Елбасы ұстанған саясат», -дейді халық әртісі.

 

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі:

 

Жақсы әнгіме болды. Әсіресе, шеттен келген қонақтар жақсы сөйлеп, баға беріп жатыр. Соның өзі үлкен баға. Енді біз ішінде араласып жүрміз ғой, барлық істелген істің басы-қасында. Сондықтан, оның бәрін білеміз. Жалпы жұмыстарды. Отыз жылдың ішінде үлкен қадам жасаған мемлекет. Оған куәгерміз. Солай қадам баса берсін.

 

Елбасымен тізе қосып, еңбек еткендердің пікірінше, экономиканың жағдайын ойлайтын кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлінді. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай шаруасын бастаған бизнесмендер қазір шатқаяқтамай, қайта нарық деген заманның ырқы мен талабына үйренді. Сондықтан, экономикалық, қоғамдық-саяси, ішкі-сыртқы саясат, мәдени-рухани саладағы жетістіктер Назарбаев атқарған істер жылнамасында жазылады.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

 

Хабарламаларға жазылу