Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің автопаркі тағы 86 көлікпен толықты
Тәуелсіздік алаңында қаз-қатар тізілген су жаңа темір тұлпарлардың кілтін облыс әкімі Ерлан Қошанов салтанатты түрде табыс етті. Бұл келешекте қылмыстың алдын алуға, полиция қызметкерлерінің жұмысын жеделдетуге оң ықпал етеді, - дейді аймақ басшысы.
Қарағанды облысында қылмыс азайып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда бірден 25 процентке төмендеген. Бұл алдын-алу жұмыстарын күшейтудің нәтижесі, - дейді сала басшысы.
Ерлан Файзуллин, облыстық Полиция департаментінің басшысы:
Кісі өлімі, жәбірлеу, тонау, соққыға жығу қылмыстары былтырға қарағанда анағұрлым азайды. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Саламызда шешімін таппаған мәселелер әлі де жеткілікті. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамның тыныштығын сақтап, халықтың сенімін алу үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз.
Бұл күні тәртіп сақшыларына су жаңа 86 көліктің кілті тапсырылды. Оның 5-уі қылмыскерлерді, айыпталушыларды тасуға арналған. Ескі көліктермен салыстырғанда анағұрлым жақсы, - дейді тәртіп сақшылары.
Полиция қызметін жетілдіру үшін ең әуелі материалдық-техникалық базаны жақсарту керек. Бұл мақсатқа тек биылғы жылдың өзінде облыс бюджетінен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Айта кету керек, кәсіби мереке қарсаңында осы салада жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталып, шен алды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ