8 адамды ажалдан арашалап қалған азамат. Түркістан облысы Кентау қаласында бір түнде бірнеше отбасын тілсіз жаудың құрсауынан құтқарған полицей тұрады. Ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен Берік Керімбаевпен тілшіміз жүздесіп қайтты.
Осыдан 4 жыл бұрын болған сол алапат өрттің ізі –көпқабатты үйдің қабырғасынан әлі өшпеген. Беріктің ерлігі де ел есінен кетпеген. Түнгі үште үшінші қабаттан тұтанған от – тұтас үйді тұмшалап, шырт ұйқыда жатқан жұртты жан алқымнан алғанда, Берік қарап тұрмады. Қою қара түтіннің ішіне қойып кетті.
Берік Керімбеков, Полиция аға лейненанты:
Халықтың жан дауысы шығып, жылап жатқанда ондай ой болмады. Жұмыс бабында болған соң, адамдарға көмектесу азаматтық парызымыз.
Гүлзейнет Өтегенова Берік болмағанда бүгінде бас көтеріп жүре алмас ем,- дейді. Себебі сол түні өзі жұмыста, жиені үйде жалғыз қалған. Қолына өрт сөндірушілердің монтеркасын алған Берік есікті бұзып кіріп, түтінген тұншығып, ес-түссіз жатқан қызды бесінші қабаттан алып шыққан. Тек оны ғана емес жоғары қабатта қамалып қалған қанша адамды құтқарды.
Гүлзейнеп Өтегенова, Кентау қаласының тұрғыны:
Осы подъезде 16 пәтер болса, соның 3-қабаттан бесінші қабатқа дейінгі пәтерлердің есігін бұзып, бала-шаға, қария кісілер бар, бәрін алып шыққан осы Берік болатын. Әрі толқыдық. Әрі қорықтық. Өзінің білесіз өрт өте қиын жағдай...
Ерлік білекте емес, жүректе. Өзгенің өмірін қорғап қалу үшін от пен суға секіруге даяр батырға ел алғысын жаудырды. Сондай-ақ Елбасының "Ерлігі үшін" медалі кеудесіне тағылды.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ