Бүгін 13 мың оқушы ҰБТ тапсырды
Бүгін мектеп түлектерінің алғашқы легі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, 13 мың оқушы емтиханға қатысты. Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев талапкерлерге сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы өзінің твиттер парақшасында жауапты органдарға тестілеуді заңға сәйкес өткізуді тапсырғанын жазды. Сондай-ақ, ол — ҰБТ-ға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеген. 
Еуразия Ұлттық университетінің алды таңсәріден абыр-сабыр. Бүгін бұл жерде 600 бала емтихан тапсырды. Жастар жақсы балл алатынына, ата-ана үмітін ақтайтынына сенімді.
Ұлан Бұжбанов, мектеп түлегі:
Ата-аналарым маған үлкен үміт артады. Сол 100-ден жоғары балл алсам, осындай жақсы университетке, грантқа түсемін деп ойлаймын.
Үлкен білім сынағынан сүрінбей өтіп, балаларының жоғары ұпай алуын ата-аналар да зор үмітпен күтеді.
- Бізге 7:30-да келсін деген. Содан бері осындамыз. Грант алады деген үміттемін. Уайымдап отырмыз, әрине. Дайындалдық, өйткені. Балам да, қызым да, өзім де уайымдап.
- Жоғары бал алсыншы, соған тілектеспіз. Болды, басқа айта алмаймын.
- Жалғыз қызымыз. Волнуемся. Келіп тұрмыз әдейі жұмыстан сұранып. Осы жақта таңертеңнен кешке дейін жүрміз.
Биылғы ҰБТ-ны 9 күннің ішінде 97 мыңнан астам түлек тапсырмақ. Тестілеу форматы өзгерген жоқ. Белгіленген пәндер, сұрақтар, ұпай саны, уақыты бұрынғы форматта қалды. Тек тест сұрақтары 30 пайызға жаңарған. Сынақ өтіп жатқан оқу орнына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те барды. Жастарға ақ жол тілеп, олардың ата-аналарына кеңес берді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Ата-аналары тақымын қысып, балалары үшін қобалжып отыр. Бүкіл ата-аналарға айтатынымыз – емтихан дұрыс өтетін болады. Жалпы, сабырлық сақтап, балаларына сеніп, оларға ұрыспай, жақсылап тұрып тиісті жағдай жасап... Өйткені ата-аналардың өздері қобалжып тұрса, ол балаларына беріледі.
Министр телефонмен ұсталған талапкерге тиісті шара қолданылатынын да ескертті. Өйткені, аудиторияға құрылғы кірігзіген жағдайларды жиі естиміз.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Телефон бола ма, "шпаргалка" бола ма...Сол құрылғыларды пайдаланып үлгеріп, соған байланысты нәтижесі өзгеріп отырса, ол аудиториядан шығарылады. Өйткені, ең бастысы әділдік болу керек.
Тестілеу нәтижесі әр күн сайын жарияланып отырады. Одан бөлек, нәтижені Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан да көруге болады. Айта кетейік, биыл емтихан тапсырушы түлектер үшін бакалавриаттағы әр түрлі мамандыққа 53 мың білім гранты бөлінген.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ